Тілдік нұсқа
Радио
СЕРІКБАЙ ҚАЖЫ ОРАЗ
1975 жылы  12-сәуірде дүниеге келген.  Білімі: 1990-1992 жылдары Ташкент қаласында қарилар дайындайтын медресені тамамдаған. 1992-1994 жылдары Мысырдағы Аль-Азһар университетінде оқыған.1995-1996 жылдары Исламабадтағы Әлемдік университетінде білім көтерген. Алматы мемлекеттік Абай атындағы университетінде заң факультетін сырттай бітірген. 2012-2014 жылдары М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық ...
Атырау халқы Құрбан айт мерекесін жоғары деңгейде атап өтуде (ФОТО)
21 тамыз, 2018 жыл 137 Басып шығару нұсқасы

Бүгін Атырау халқы қасиетті Құрбан айт мерекесін кең көлемде атап өтуде. Жергілікті уақытпен 7.30-да облысқа қарасты барлық мешіттерде айт намазы оқылып, оның соңы мерекелік шараларға ұласты.Орталық "Иманғали" мешітіне жиналған халық санында шек болмады. Жиналған жамағатты қасиетті мерекемен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, мұнайлы өлкенің Бас имамы Батыржан Мансұров  құттықтап, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың ыстық лебізін жеткізді. Және құттықтау сөзінде Құрбан айт мейрамының мәніне тоқталды.

"Құрбан - араб тілінде "жақындау" дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал, шариғаттағы терминдік мағынасы "шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау" дегенге саяды. Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Мына кең-байтақ ғаламды жаратқан құдіретті Ие жер бетіндегі саналы пенделерін бекерге жаратпаған. Олардың қоғам құрып, дұрыс өмір сүруі үшін тура жол көрсетіп дін жіберген.

Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Мұсылман адам қара бастың қамын ғана ойламауы тиіс. Өзім ғана ішсем, жесем, өзім тоқ болсам болды, басқалар не болса ол болсын деген түсінік оған жат. Өйткені «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес», «Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше шынайы мұсылман бола алмайсың"  деп, бірқатар хадистерді мысалға келтірген Бас имам Батыржан қажы Берденұлы күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырды.

Құрбан айт мерекесінің маңызын мәдени-көпшілік шаралар арттыра түсті. Жиналған жұртшылық алдымен мешіт ауласында құрылған алты қанатты киіз үйде жайылған  айттық дастарханнан дәм татты. Бұдан соң ерлер жамағаты спорттық ойындардан бақ сынасты.

Қазақша қол күрес жарысында Мұрат Әбуталиев бірінші орынды жеңіп алды. Адият Мубарин мен Жасұлан Шейхназаров екінші және үшінші орынды өзара бөлісті. Кір тасын көтеру бойынша өткен сайыста Бақтыбек Бектемісов оқ бойы озық шықты. Екінші орынды Айбол Мұхамбетов иемденді.  Ерсейіт Біралин мен Нұрлыбек Халидолла үшінші орынға лайық деп танылды. Қазақша күрес ойынына да ерлер жамағаты ерекше қызығушылықпен қатысты. Тартысты бәсекеде Руслан Ізғалиев үздік деп танылды. Дулат Багенов пен Сұлтан Өтешов екінші және үшінші орындарды иемденді. Бірінші орын алған жеңімпаздарға қой малы сыйға тартылды. Екінші және үшінші орын иегерлеріне қаржылай сыйлық табыс етілді.


 

 

 Үш жүз отбасыға құрбан малының еті таратылды

Қасиетті Құрбан айт мерекесінің құрметіне орай, бүгін орталық "Иманғали" мешітінде үш жүз отбасыға құрбан малының еті таратылды.

Мұқтаж жандарға құрбан малының етін Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров арнайы табыстады.

"Құрбан айт берекенің, ізгіліктің, қайырымдылықтың мерекесі. Әдетте, Құрбан Айт намазынан кейін жамағат құрбан шалуға асығады. Осынау мерекеде науқастанған кісілердің көңілін сұрап, оларға арнайы бару, жетім-жесірге қол ұшын беру, мұқтаж жандарға да айттың шарапатын сездіру мейлінше сауапты іс. Сол себепті, мешіт ұжымы мұқтаж жандарға құрбан малын таратып отыруды дәстүрге айналдырды. Құрбан айт күні неғұрлым жоқ - жітік жандарға жәрдем қылсақ, Алла Тағала бұл қайырлы істің сауабын еселеп береді" деді орталық "Иманғали" мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұров.

Айта кетелік, мұқтаж жандардың барлығы көмекке зәру отбасылары ретінде  мешіттің арнайы тізіміне алынғандар.


Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    Жоғары