Бүгін Павлодарлық қала, аудан мешіті имамдары орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің кітапханасында кезекті жиын өткізді. Жиналысқа облыстық дін істер басқармасының басшысы Закарьянов Дәулет Қоқанұлы қатысып, имамдарға мешіт құжаттары, кейбір заңнамалар мәселесінде сөз қозғады.
Өкіл имам Жолдас Қоспақұлы осы маусымдағы ҚМДБ тарапынан беріліп келген тапсырмалар мен нұсқаулардың жүзеге асу барысын пысықтап, кезекті шараларды таныстырды. Атап айтқанда, Екібастұз қалалық мешітіне Бас мүфти жүлдесіне орай ұйымдастырылатын дәстүрлі «Қазақ күресі» сайысын жоғары дәрежеде өткізу жүктелді. Мешіттерге киви кошелек орнату, садақа терминалына қатысты сөздер де айтылып, пәтуаласты. Сондай-ақ, жастар мен әйелдер секторының жұмысына қатысты тапсырмалар тиісті қызметшілерге берілді.
Сонымен қатар, қала, аудан, ауыл мешіті имамдарының біліктілігін арттыру мақсатында бір кезекте 12 имамды қамтыған апталық оқыту жұмысы алдағы аптада «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде тұрақты жүргізіліп, оған имамдар бекітілген кесте бойынша үзбей қатысуға міндеттелді.
Пікірлер