Еліміздегі ислам діні аясында зерттеу жасап, еңбектер жазып жүрген ғалымдар тобы Нұр-Мүбарак университетінде бас қосып, «Қазақстандағы исламтану мектебін дамытуға қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізу» атты дөңгелек үстелде өзекті пікірлерін ортаға салды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Алау Әділбаев, белгілі академик, ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі, профессор Шашәдин Керім бастаған ғалымдар тобы бүгінгі қазақ қоғамына ислам дінінің құндылықтарын ғылыми негізде тиімді ұсыну жолдарын талқылады. Дөңгелек үстелге ғаламтор арқылы қосылған Стамбулдағы Ислам конференциясы ұйымына қарасты ғылыми зерттеу орталығынан т.ғ.д., профессор Әшірбек Мүминов өз ойын білдірді:
"Елімізге дәл қазіргі кезеңде «Ислам энциклопедиясын» жасау маңызды. Бұл терминдер мен түсініктемелерді халыққа кеңінен таныта түссетіні сөзсіз. Сондай-ақ ғылыми зерттеулерге бет бұрған жастарға тақырып бөлетін Үйлестіру кеңесі құрылса, ол тақырыптардың қайталанбауына жол ашпақ. Біз дүниежүзілік ғылымға үлес қосатындықтан, зерттелген еңбектерді ағылшын тіліне аудару жағы да маңызды", — деді.
Түркістан қаласынан қосылған профессор Досай Кенжетай мырза: «Осы кезге дейін зерттелген қолжазба, тарихи құндылықтардың күнделікті өмірге пайдалану жақтарына мән беру маңызды. Мәселен, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 500 том еңбек мәтін күйінде болғанымен, бүгінгі қоғамдық ойлау жүйесіне қажеттілікті ұсыну жағы әлі зерттеле қоймады. Яғни проблемаларға бүгінгі қазақ қоғамына қажетті нормалармен жауап беру керек» ,- деді. Профессор, академик Әбсаттар қажы Дербісәлі айтылған пікірлерді құптады. Ал профессор Шамшәдин Керім кеңестік жүйеден ажырамай жатып зерттеуге кіріскен қазақ ғалымдарының еңбектерінен мемлекеттік жүйе бейхабар болғандығына тоқталып, ал оның маңыздылығын уақыт дәлелдеп, мемлекетіміз енді қолдау көрсетіп жатқындығын атап өтті.
Сондай-ақ «діни таным, ғылыми таным, діни сана» т.б. қажеттіліктерге қазақ санасын қалыптастыру, адамды кемелдендіру жолдары, теория мен тәжірибені тұтастыру уақыт талабы екендігі айтылды. Қазақ даласынан шыққан ғұламалар еңбектерін зерттеу, имани-діни сана қалыптастыру маңыздылықтары талқыланды. Жоба ҚР Қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның мемлекеттік грантының шеңберінде қолға алынуда.
Пікірлер