Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде еліміздегі заңды тіркелген діни бірлестіктер мен конфессиялар жайлы мәлімет беретін көрме өтті. Халықаралық толеранттылық күніне арналған дінтанушылар көрмесінен ата дініміз исламнан бастап әлемдік діндер, елімізде тіркелген діни сенімдердің кітаптары мен мәліметтері, Қазақстан Республикасының дін туралы мемлекеттік заңнамасы туралы толық ақпараттар берілді.
«Дінтану» кафедрасының доценті, PhD Альбина Дүйсенбаеваның жетекшілігімен «Жас ғалым» дінтанушылар клубының ұйымдастыруымен «ҚР заңды тіркелген діни бірлестіктер (жаңа діни ағымдар)» тақырыбында өткен дінтанулық көрмеде дәстүрлі діндерден өзге елімізде заңды түрде діни қызметтерін атқарып жүрген діни бірлестіктерге толық тоқталып, көпшіліктің дінтанулық сауатын арттыратын танымдық және құқықтық, өзге де дәйекті материалдар арқылы көрініс тапты.
Көрмені Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти, PhD Алау Әділбаев тамашалап, оң бағасын берді. Университет ректоры, профессор Мухаммад аш-Шаххат әл-Жинди, проректор, доцент Қайрат Құрманбаев бастаған университет басшылығы мен оқытушылар еліміздегі діни бірлестіктер статистикасымен танысып, жастардың жат ағымдарға кетпеуі үшін осындай ақпараттарды білуі қажеттігін айтты.
Пікірлер