«Орал облыстық» орталық мешітінің үлкен залында ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкілдігінің бастамасымен облыстық дін істері басқармасының мамандары мен облыстық «Ақсақалдар» алқасының мүшелері, облыс, қала имамдарының қатысуымен алқалы жиын өтті.
Бүгінде Ақжайық жұртшылығы арасында «Садақа өткізудің ортақ әдебі» атты Үндеу талқыға түсуде. Өткен жылы «Достық» үйінде садақаға байланысты зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, имам-молдалардың қатысуымен үлкен жиын болған еді. Кезекті жиын облыстық деңгейде өткізіліп, мұнда әр өңірден жиылған ақсақалдар мен ел жақсылары Үндеуді тағы бір сарапқа салды. Үндеуде 7 мәселе көтерілген болатын. Олар: жаназа намазға толық тұру, садақа дастарханы қандай болу керек, марқұмның рухына бата оқу жолдары, садақаға пакет әкелуді тоқтату, қонағасы кімдерге арналған, қауымның басына барып тамбайғазы беру жөнінде және малдан зекет беру.
ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан қажы Сұлтанов соңғы кездері қанат жайып бара жатқан марқұмды жерлеу рәсімін өткерер алдында дауыс зорайтқышпен митингтер өткізу, осы шара кезінде табыттың алдынан гүл шоқтарын, оған қоса марқұмның суретін алып жүру сияқты ұлтымызға, дінімізге, ділімізге жат әдеттерден арылуға шақырды. ҚМДБ-ның бастамасымен 2017 жылы шыққан «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты еңбекті көпшілікке кеңінен насихаттады.
"Тәжіден Батырұлы" атындағы мешітінің бас имамы Әлімхан Тұрлыбеков сөз алып, Үндеудің бүгінде жұртшылық тарапынан қолдау тауып отырғандығын, ендігі мәселе – жүзеге асыру екінін айтып өтті. Ол үшін әрбір аудан, ауылдың ақсақалдары, сөз бастар көсемдері мен ел ағалары өздерінің жүрген жерінде кеңінен насихат етіп, өткізіліп жатқан садақаға арнайы қатысып, Үндеуде белгіленген пунктерді қалыпқа түсіру керектігін жеткізді.
Осы Үндеуді облыс, қала, аудан ақсақалдарының ортасына салып, облыстық орталық мешітінің «Ақсақалдар» алқасының мүшесі, мешіттің жамағаты Амангелді Абдрахманов Үндеуді ұсынудағы себептер мен ел ішіндегі кейбір ысырапшылдықтың жолдарын айтып, облыс орталығында, кейбір жүргізілген насихат әсерінен ол жерлерде садақа өткізу бұрынғыдай ас та төк емес, өзгергендігін жеткізді.
Шара барысында сөз алған облыстық дін істері басқармасының бас маманы Азат Айболатұлы діни жоралғыларды атқару кезінде заңдылық сақталу керектігін еске салып өтті.
Орал орталық мешітінің жанындағы «Ақсақалдар» алқасының мүшелері бүгінде облыстағы барлық аудан, ауылдарды аралап, Үндеудегі ұсыныстарды ел-жұртқа таныстырып жүр.
Жиынға келген ақсақалдар да өздерінің пікірлері мен ойларын білдіріп, Үндеуді қолдайтындықтарын айтып, ортақ ұсыныстар қойылды. Барынан берекет іздеп, көл-көсір ысырапшылдыққа емес, үнемшілдікке, қолда барды орнымен жұмсауға шақырды.
Асылында, орынсыз ысырап шариғатымызда әу бастан құпталмайтын іс. Оның үстіне, ысырапшылдық – Хақ Тағала қаламайтын іс. Демек, Құран Кәрім мен пайғамбарымыздың асыл сүннетінде ысыраптан тиятын көптеген ұстанымдарының болуы да тегіннен тегін емес. Мәселен, тұтас мұсылман қауымның конституциясы болып табылатын Құранда
ысыраптың нәтижесінің неге апаратынын еске салып жирендіреді. Ендеше, бұл ұстанымдар мұсылман қауымына ғана емес, күллі адамзат үшін маңызды фактор болуы тиіс.
Пікірлер