Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде аудан, қала имамдары және ақсақалдар алқасы мүшелері біріккен семинар өтті.
Семинарға ҚМДБ-ның «Насихат және қоғаммен байланыс» бөлімінің басшысы Алтынбек қажы Ұтысхан қатысып, ҚМДБ-ның төрағасы Серікбай қажы Ораз хазіреттің сәлемін жеткізді. Бас мүфтидің бастамасымен атқарылып жатқан игі шараларға тоқталып өтті. Атап айтқанда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен киелі Түркістан шаһарында «Ислам және ұлы дала өркениеті» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, сондай ақ, Астанада «Еуразия кеңістігіндегі Ислам өркениеті: өткені, бүгіні және болашағы» атты тақырып аясында Еуразия мұсылман ғұламаларының форумын тіліне тиек етті.
Семинардың күн тәртібінде ҚМДБ-ның бастамасымен жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітаптың шығарылуының басты мақсаты талқыланды. Аталмыш кітаптың жарыққа шығуының басты мақсаты аймағымыздағы өзгеріске ұшыраған жаназа рәсімдерін халық арасында бір ізділікке түсіріп, халықпен бөлісу. Осы мақсатта дін мамандары мен ақсақалдар арасында әртүрлі пікір-таластар болды. Алдағы уақытта рәсімнің жөн жоралғысын толығымен талқылау мақсатында тағы бірнеше отырыстар болатыны жоспарланды.
Пікірлер