Амал мерекесі-көрісу күні еліміздің шығыс аймақтарында дәстүрге ене қоймаса да, өткен жылдан бері бұл мерекенің ұлттық сананы жаңғыртудағы маңызы ерекше екендігі ескеріліп, өңірде атап өту жолға қойыла бастады. Бұл іске ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігі мұрындық болып отыр.
«Ислам және отбасы» жылының аясында дәстүрлі тәрбиені жаңғырту мақсатында Өскемен аймағы өкілдігі бірқатар аудан имамдарына «Көрісу күнін» атап өту туралы арнаулы тапсырма берген болатын. Осы бағыт аясында Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында «Байжігіт баба» мешітінің ұйымдастыруымен «Көктемнің басы-Көрісу күні» атты мерекелік шара өтті.
Көрсуге облыстың Күршім, Зайсан, Тарбағатай аудандарының имамдарымен ақсақалдары, ел ағалары жиналды. Көпті көрген көнекөз ақсақалдар бас қосып, бір-бірімен құшақтасып көрісіп, ақ тілек арнап, еліміздің амандығымен ұлтымыздың ынтымағы үшін бата жасады. Бұдан соң аудан орталығында «Наурыз айтыс» өтті. Ақындар жыр төгіп, айтыстың көрігін қыздырып жиналғандарды думанға бөледі. Айтысқа қатысқан ақындарға сыйлықтар табыс етілді.
Көрісу күніне арнап жайлыған ақ дастархан басында ақсақалдармен ел ағалары ұлттық құндылықтар мен салт-санамыз жайлы салиқалы әңгіме өрбітті.
Пікірлер