Тілдік нұсқа
Радио
СЕРІКБАЙ ҚАЖЫ ОРАЗ
1975 жылы  12-сәуірде дүниеге келген.  Білімі: 1990-1992 жылдары Ташкент қаласында қарилар дайындайтын медресені тамамдаған. 1992-1994 жылдары Мысырдағы Аль-Азһар университетінде оқыған.1995-1996 жылдары Исламабадтағы Әлемдік университетінде білім көтерген. Алматы мемлекеттік Абай атындағы университетінде заң факультетін сырттай бітірген. 2012-2014 жылдары М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық ...
ДОКТОРАНТ ҒАЛЫМДАР ТЕМІР АУДАНЫНДА ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗДІ
19 сәуір, 2018 жыл 130 Басып шығару нұсқасы

«Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында 9-14 сәуір аралығында Темір ауданында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ақпараттық топ жұмысына ҚМДБ-ның қолдауымен екі бірдей докторант ғалым жұмылдырылды. Олар – ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, ғұламалар кеңесінің мүшесі Шоқанов Сансызбай Құрбанұлы мен «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам Мәдениеті университетінің докторанты Оралхан Сейдманов.

Медресе құрылысымен танысты

Ғұламалар кеңесінің мүшесі Сансызбай Құрбанұлы Ақтөбе қаласына жасаған сапарының алғашқы күні медресеге бас сұқты. Облыс орталығынан салынатын «Ақтөбе медресесі» колледжінің жаңа ғимаратының құрылыс жобасымен танысып, оңды бастаманың сәтті жүзеге асуына тілектестігін жеткізді. Өкіл имам Төлеби Оспан және колледж директоры Әбдімүтәлі Дәуренбеков құрылыс жұмыстары демеушілер тарту арқылы жүзеге асатындығын айтып, жобада діни қызметкерлерге арналған әлеуметтік баспана, спорт кешені, басқа да нысандар қатар қамтылғандығын жеткізді. Сонымен қатар, медресе шәкірттерімен, ұстаздарымен сұхбаттасып, пікір алмасты. Оларға білім үйренудің пайдасы мен артықшылығы туралы айтып, бүгінде білікті кадр даярлау, діни қызмет сапасын жетілдірудің – діни басқарманың күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі екендігін атап кетті. Кездесуде 70-ке жуық колледж шәкірттері қамтылды. 

«Ислам және отбасы» жылы насихатталды

«Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында Темір ауданының тұрғындарымен мемлекеттік мекеме, мектептерде кездесулер өтті. ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы діни басқарма бекіткен «Ислам және отбасы» жылы аясында отбасы құндылықтарының дәріптелуіне ерекше басымдық берді. Сәрсенбі күні аудан әкімдігінде өткен «Дәстүр. Дін. Руханият» атты облыстық форумда отбасы құндылықтары, дін және қоғаммен байланыс тақырыптарында сөз сөйледі. Адами капиталды дамыту, отбасы институтын жетілдірудің маңыздылығы турасында айтты. Форумға 150-ден аса адам, соның ішінде барлық аудан имамдары қатысты.

Түстен кейін діни басқарма бекіткен «Ислам және отбасы» жылы аясында арнайы көшпелі семинар ұйымдастырылды. ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, Ғұламалар кеңесінің мүшесі Сансызбай Шоқанов имамдарға отбасы құндылықтары жөнінде арнайы дәріс оқып, ер мен әйелдің міндеті, исламда баяндалған жанұя жарасымдылығын сақтаудың сыры туралы айтты.

Мешіт жамағаттарымен жүздесу

Докторант ғалымдар Ақтөбе, Темір ауданы мешіттерінің жамағаттарымен жүздесті. Сейсенбі күні ақшам намазынан кейін Ғұламалар кеңесінің мүшесі Сансызбай Шоқанов «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінде «Адамдар арасындағы қарым-қатынас» тақырыбында тұшымды уағыз-насихат айтты. Жамағат тұтастығын сақтау, әр түрлі дін өкілдерінің өзара түсінісіп, бейбіт мәміле жасауы турасында айтып, ислам тарихынан тамаша мысалдар келтірді. Сұхбатқа 300-ге жуық жамағат қатысты.

Бұдан бөлек Сансызбай ұстаз Құрбанұлы Темір аудандық мешітінің тыныс тіршілігімен танысып, мұнда 4 рет жалпы кездесу өткізді. 25 қала, аудан имамдарының қатысуымен өткен сұхбатта діни қызмет сапасын жетілдіру, жауапкершілікті арттыру турасында сөз қозғады. Бейсенбі күнгі жамағатқа жайылған ауызашар дастарханында сәләфилік ағымның зардаптарын, қателіктерін түсіндірді. Ал құптан намазынан кейінгі насихат жанұя жарасымын сақтау, бала тәрбиесі жөнінде өрбіді. Ұстаздың екі бірдей сұхбатында 150-ге жуық адам қамтылды.

Жұма күні Сансызбай ұстаз Құрбанұлы Темір аудандық мешітінде жұма уағызын жүргізіп, Исра мен Миғраж оқиғаларының мән-маңызын баяндады. Жұма насихатын 500-ге жуық жамағат тыңдап, тағылым алды.

Ал докторант Оралхан Сейдманов ауданның төрт мешітінде  жалпы және жеке кездесулер өткізді. Теолог Темір қаласы мешітінің имамдары мен діни қызметкерлеріне «Дінге қызмет» тақырыбында шағын насихат айтты. Ақшам мен құптан намаздары аралығында Темір аудандық және Шұбарши ауылдық мешіттерінің жамағаттарымен жүздесіп, пікір алмасты. «Қоғам игілігі үшін қызмет ету»,  «Алланың хақысында ілімсіз таласу», «Нәпсіні тәрбиелеу жолдары» тақырыптарында насихат жүргізді. Сондай-ақ, Шұбарши кәсіпшілігі мешітінің де тыныс-тіршілігімен танысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесулерде 90-ға жуық жамағат қамтылды.

Жат ағымның зардабын түсіндірді

Шұбарқұдық айналым депосында жат ағым өкілдерімен 4 мәрте жалпы кездесу өткізілді. Ғұламалар кеңесінің мүшесі Сансызбай ұстаз Шоқанов кездесулерде «Отбасы берексеін сақтау», «Ата-ананың қадірі», «Талақ мәселесі», «Талақ айтудың шарттары» тақырыптарында түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, теолог Оралхан Сейдманов сәләфизм синдромы, жат ағымның дәстүрді мойындамауы, фанатизмге берілуі секілді белгілеріне тоқталды. Кездесулерде 210-нан аса адам қамтылып, мәлімет алды.

Бұдан бөлек, теолог Оралхан Сейдманов Шұбарши мектебінде мектеп оқушыларымен, олардың ата-аналарымен кездесті. Онда ата-анаға қарсы сөйлемеу, батасын, разылығын алу, үлкенді құрметтеу турасында айтылды. Сондай-ақ, жастарға жат ағымнан сақтану үшін діни мәліметті рұқсат етілген дереккөзден алу керектігі ескертілді. Кездесуде 200-ге жуық адам қамтылды.

Бес күннің қорытындысы бойынша докторант ғалымдар 1700-ге жуық ақтөбеліктерге ақпараттық иммунитетті қалыптастыру мақсатында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.  Ал жалпы Темір ауданында 84 іс-шара ұйымдастырылып, онда 5000-ға жуық адам қамтылды.

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    Жоғары