Теміртау орталық мешітінде рухани кездесу өтті

Әлихан Бөкейхан атындағы Теміртау орталық мешітінде рухани кездесу болып өтті. Айтулы шараға Теміртау қаласының бас имамы Естай Айтуғанұлы, тарихшы-зерттеуші, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы Әділет Жағыпар және мешіт жамағаты мен бір топ жастар қатысты.  
 
«Әлихан Бөкейхан өміріндегі Ислам» тақырыбында өткен шараның шымылдығын қаланың бас имамы Естай Айтуғанұлы ашып, келген жамағатқа ұйымдастырылып отырған игі шараның мән-маңызын түсіндірді.  
 
Кеш қонағы Әділет Жағыпар да өз кезегінде Алаш арысы Әлихан Бөкейханның мағыналы өмірінен сыр шертті.  
 
«Алғашқы білімін медреседен алып, арабша хат таныған Әлихан Бөкейхан өмір бойы мұсылмандықтың туын жықпай, сол жолда елге, ұлтқа қызмет етті. Тағы да Алаштықтар арасында Сұлтанмахмұд Торайғыров Құранның 13 парасын жатқа білген. Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұлов та   Құранды жатқа білген. Бұның барлығы қазақ зиялыларының дәстүрлі дінімізден сусындап еліне қызмет еткенінің дәлелі», - деді тарихшы-зерттеуші Әділет Жағыпар.  
 
Айта кетсек, қазақтың заңғар тұлғасы Әлихан Бөкейхан жиырмасыншы ғасырдағы ұлт зиялыларының басын қосушы әрі оларға ақылшы аға, тәлім беруші ұстаз бола білген Алаш партиясының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист,  ғалым,  аудармашы. Тоғыз тілде еркін сөйлеп жаза білген. Саналы ғұмырында бойына дәстүрлі ислам негіздерін сіңіріп, өмірінің сан қилы кезеңінде оны көрсете білген тұлға.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін