Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мадақ әлемдердің Иесі Алла Тағалаға тән. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның әулеті мен сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!
Адалдық адам өмірінің мәнін арттыратын, құнды ететін үлкен қасиет. Адал болу көркем мінезділікті, терең иманды қажет етеді. Керісінше адал болу арқылы иманды арттырып, мінезді көркем етуге де болады.
Адалдық адам өмірінде мына жерлерде басты көрініс табуы тиіс:
Отбасындағы адалдық:
Құранда: «Біз әр нәрсені жұп-жұбымен жараттық, бәлкім ойланарсыңдар» («Зарият» сүресі, 49) – делініп, әрбір нәрсенің жұптаса өмір сүретіндігін көрсетеді. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) да: «Ей, жастар қауымы! Кімнің мүмкіндігі жетсе дереу үйленсін. Себебі үйлену көзді харамнан, абыройды жойылудан ең жақсы қорғайтын нәрсе», – деп, отбасын құрудың жеке адам үшін де, қоғам үшін де пайдалы нәрсе екеніне, адамды жауапкершілікке тәрбиелейтініне назар аударады. Некелесу ерге де, әйелге де белгілі бір жауапкершіліктерді жүктейді. Ер адам – отбасының асыраушысы, ол әйелі мен баласын материалдық және рухани тұрғыдан қамтамасыз етуге міндетті болса, әйелдің міндеті – күйеуіне бағыну, өзін күнәлі істерден сақтау, ерінің тапқанына иелік ету.
Әйелмен жақсы-қарым қатынас жасаудың көркем мінез екенін де пайғамбарымыз (с.ғ.с.) нақты көрсетіп берді: «Сендердің араларыңдағы ең жақсыларың - әйелімен жақсы қарым-қатынас жасағандарың» (Тирмизи). Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) әйел қауымына жақсы қарауды қоштасу құтпасында ерекше тапсырып, дүниеден өтер алдында да өсиеттеп кеткен. Ал, әйел адамға қатысты: «Ерін разы қылып бұл дүниеден өткен әйел жәннаттық» (Тирмизи) – дейді. Бұл қасиеттер адалдықтың басты көрінісі. Ері мен жары бір-біріне адал болғанда ғана отбасының берекесі артады. Тәрбие дұрыс беріліп, хайырлы ұрпақ өсіп жетіледі.
Достағы адалдық:
«Адам досының дінінде. Сіздерден қайсыбіріңіз кіммен дос екендігіне қарасын!» Әбу Дәуід, Тирмизи. Бұл хадистен жаныңыздағы досыңыз сіздің амалыңызға әсер ететіндігі туралы айтылады. Яғни, достың ойымен сіздің ойыңыз бірігіп жақсы не жаман әрекетке баруыңыз мүмкін. Егер ол жақсы әрекетке сүйреп, тақуалыққа жеткізсе оның түбі жәннат. Тіпті Алла Тағала Құранда бұл туралы атап өткен:«Достардың тақуаларынан басқалары сол күні (Қиямет күні) бір-біріне дұшпан болады» «Зухруф» сүресі, 67-аят.Алаштың арысы Әлихан Бөкейханов өз сөзінде: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады», деген. Дініміз бен дәстүріміздің қатар жүруі біздің қанымызға сіңіп, адамдық қасиетімізді арттырып келеді. Қазақтың адалдығы, пейілінің таза болуы да сонау қанға сіңген адал тәрбиеден. Қазыбек би «Адал болса – досың жақын, еркелейтін немерең жақын,Өз ұрпағың шөберең жақын, туып өскен – елің жақын» деген. Ертеректе ел ішінде Әйтімбет деген сөзге шешен кісі болыпты. Бірде замандастары шешеннен достық жайында сұрапты деседі:
– Достық нешеу?
Әйтімбет шешен: Достықтың екі түрі болады. Бірі – адал достық, екіншісі – амал достық.
– Дұрыс-ақ, енді оларды қалай ажырата аламыз?
– Адал достық – өмірлік нұсқа, ал енді амал достықтың өрісі қысқа келеді, деп жауап берген екен.
Кәсіртегі, ризықтағы адалдық:
Бiр күнi Әбу Ханифаға бiр әйел келіп жiбек көйлек сататындығын айтып, бағасы жүз теңге дейді. Әбу Ханифа:
– Мұның құны жүз теңгеден көп. Қаншаға беретiнiңiздi айтыңыз, – дейдi. Әйел көйлектің бағасын көтере отырып, бағасын төрт жүз теңгеге дейін жеткiзедi. Әбу Ханифа:
– Бұл әлi де аз, – дегенде, әйел:
– Сiз менiмен қалжыңдасып тұрсыз ба? – деп ашу шақырады. Әбу Ханифа:
– Жоқ, қалжың емес, шыным. Бiр адам әкелiп, бағасын қойғызайық, – дейдi. Бiр адамды ертiп келедi де, бағасын қойғызады. Сөйтiп, Әбу Ханифа көйлектi бес жүз теңгеге сатып алады. Осылайша, ол өзi сатып алушы бола тұра, сатушының қамын ойлап, барша мұсылманға әдiлеттiлiктiң әдемi үлгiсiн көрсетедi.
Абдулла ибн Масғұд (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:
طَلَبُكَسْبِالْحَلاَلِفَرِيضَةٌبَعْدَالْفَرِيضَةِ
«Адал кәсіп табуға талпыну – парыздан кейінгі парыз» (имам Бәйһақи). Кәсібіне адал болу ішіп-жейтін асына адал болу деген сөз. Астың адалдығы адамның бүкіл өміріне әсер етеді екен.Имам Ахмадтан (Алла оны рақымына алсын) адамдар: «Жүректің жұмсаруына не нәрсе себеп болады?» – деп сұрағанда, ол кісі: «Адал ас», – деп жауап берген екен. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 168-аятында:
يَاأَيُّهَاالنَّاسُكُلُوامِمَّافِيالأرْضِحَلالاطَيِّبًا
«Уа, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің адалын әрі тазасынан жеңдер!» – деп бұйырған. Ал «Мәида» сүресінің 88-аятында:
وَكُلُوامِمَّارَزَقَكُمُاللَّهُحَلالاطَيِّبًا
«Алланың өздеріңе адал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» – деп бұйырған. Құранда бірнеше жерде астың адалдығына, ризықтың адалдығына көңіл бөлу керектігі бекер айтылмаса керек. Алла Тағала құлдарының қандай екенін білгендіктен, Құранда бірнеше рет ескертіп отыр.
Алланың Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір жолы Сағыд ибн Муғазды (р.а) жолдан кездестіріп, екеуі қол алысып амандасқанда, сахабаның қолы тілімденіп, күстеніп кеткенін байқайды. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) себебін сұрағанда, Сағыд ибн Муаз (р.а) отбасын асырау үшін еңбек етіп жүргенін, қолы содан тілімденгенін айтады. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) оның жауабына сүйсініп: «Міне, Алла осындай қолдарды ұнатады», – деген еді.
Құрандағы Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың дұғасы:
رَبِّهَبْلِيحُكْمًاوَأَلْحِقْنِيبِالصَّالِحِينَ
«О, Раббым! Маған даналық, парасат бағыштап, мені жақсылар қатарына қоса гөр!»
اللَّهُمَّتَوَفّنَامُسْلِمِينَ،وَأَحْينَامُسْلِمِينَ،وَأَلْحِقْنَابِالصَّالحينَ،غَيرَخَزَايَاوَلامَفْتُونِينَ
Мағынасы: «Аллаһым, бізді мұсылман күйімізде жанымызды ал, мұсылман күйімізде тірілт, салиқалы жандармен бірге болуымызды нәсіп ет, күнәға батқандардан, бүлікшілдерден қашық ет!».
Мақаламыздың соңында осы дұғаны арнайы жаздық. Жаттап алып, әрдайым айтып жүрейік. Алла Тағала бізге берген әрбір нығметін адалынан етсін!
Валиев Ахмадулла
Балқаш қалалық мешітінің наиб имамы