Әуелі аят-хадис сөздің басы …

Алла Тағала тарапынан жіберілген ең соңғы кітап – қасиетті Құран Кәрімнің ең алғашқы аяты «Оқы!» деп басталады. Мұхаммед пайғамбарымыздың(с.ғ.с):  «Білімді талап ету, әрбір мұсылман ер мен әйелге – парыз»,- деп айтуы да бекер емес. Сондықтан кез келген жүрегінде оттың ұшқынындай иманы бар азамат өзінің шама-шарқынша білімге ұмтылады. Білімнің барлығын бірдей өзіне қамтыған кітаптың төресі – Құран Кәрімді арабшасынан оқу әр жұмыр басты пенденің аңсаған арманы десек қателеспейміз. Әбу Умама (р.а) Алла Елшісінің: (с.ғ.с) «Құранды оқыңдар! Расында, Құран, өзін оқып, амал еткендерге қиямет күнінде шапағатшы болады»,- дегенін естідім дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  тағы бір хадисінде: «Сендердің ең ардақтыларың Құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендерің»,-деді. Бұл хадисті естіген кімнің болса да Құранды оқуға деген талпынысы, ықыласы  арта беретіні анық.

Айтылған хадисті негізге ала отырып,  Саран қалалық мешітінің бас имамы Мұхаммедқали қажы Саликовтың бастамасымен  Рамазан айының бірінші күнінен бастап Құран оқу сабақтары өткізіліп келеді.

  Қазіргі уақытта мешітте 40-тан аса  шәкірт білім алуда. Олардың 18-і жас балалар, 10-ы ересек адамдар, 12-сі қыз балалар. Алғашқы шәкірттер Мұғалім сәни мен тәжуидті бітіріп, Құран Кәрім парақтарын жүзінен оқып, Фатиха, Фәләқ, Нәс, Ықылас сынды қысқа сүрелерді жаттауда. Сабақ күнделікті таңертеңгі сағат 10:00 – мен 13:00 арасында және Ақшам намазы мен Құптан намазы аралығында өтеді. Сонымен қатар күнделікті ақшам намазынан кейін мешітте Имам Бухаридің «Жеке тұлғаның әдептері» кітабынан және «Тақуалар бақшасы» секілді араб кітаптарынан уағыздар  насхатталуда.

 Бас имам  Мұхаммедқали қажы,  «Астана» медресесін  тәмамдап, мешітке арнайы келген Әбдіғали Естай есімді шәкірт және Қарағанды облыстық мешітінен дәріс алған Алпысбаева Гүлай  мешіттегі дәрістерді жүргізіп,   ілім іздеп келген шәкірттерге тәлім беруде.

Алла баршамызды Өзінің сөзін үйреніп, оған амал ететін сүйікті құлдарының қатарынан етсін.

Әбдіғали Естай Саран қалалық мешіті [gallery link="file" ids="18329,18330,18331,18332,18333,18334,18335"]
© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін