Көркем мінез – құлық

Алла Тағала Құран Кәрімде: «(Ей, Мұхаммед) Расында сен ұлық мінезге иесің»,- деді. Адамзаттың асылы ардақты пайғамбарымыздың бойында расында да көркем мінезділіктің сипаты айтпаса да көрініп тұратын. Әнәс (р.а): «Алла Елшісі (с.а.с) мінез-құлық жағынан адамдардың ең көркемдісі еді»,-деп айтады. Тағы да Әнәс (р.а) мынадай керемет хадисті былай жеткізеді: «Алла Елшісінің (с.а.с) алақанынан жұмсақ жібек матасын ұстамадым, Алла Елшісінің (с.а.с) иісінен артық жұпар иісті сезінбедім. Расында мен Алла Расулына 10 жыл қызмет еткен уақытымда, маған бірде – бір рет «түһ» деп кейіген емес, немесе істеп қойған ісіме «мынаны неге істедің?»-деп те тіл қатқан емес. Және істемеген ісіме «Неге осылайша істемедің?»-деп те зекіген емес», - деп баяндайды. Бұл хадис Алла Елшісінің (с.а.с) сахабаларына және қызметшілеріне көркем мәміле де болғанымен мінезінің кемелдігін көрсетеді. Иә, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) мінезі жұмсақ, жүзі жарқын, мейірімді жан еді. Хадисте мұсылман үмметіне зор тәлімдер мен әдіптер бар. Алла Расулы (с.а.с) бөтен адамдармен болсын жақсы қатынаста болатын. Айтып тұрған мәселесінің ішінде шариғат үкіміне қарама – қайшылық табылса да, бір амалын тауып, көңілін қалдырмай, анықтап түсіндіретін. Көбіне адамның көңілін құлазытатын сөз емес, керісінше жан жадырататын сөздер айтатын. Жақсылық дегеніміз – көркем мінез дейтін. Абдуллаһ ибн Амр ибн әл – Ас (р.а) Алла Елшісінің (с.а.с) дөрекі болмағанын жеткізеді. Ол (с.а.с): «Расында сендердің ең жақсыларың мінез–құлық жағынан көркем болғандарың»,- деп үнемі айтатын. Әбу Дардадан (р.а) жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.а.с): «Қиямет күнінде мүміннің таразысында көркем мінез- құлықтан ауыр басатын нәрсе жоқ. Асылында, Алла Тағала дөрекі сөздермен сөйлеушіні жек көреді»,- дейді. Расында адамның бойына көркем мінез – құлықтан бөлек иман қосылса ғана ақыретте

пайдасын береді. Ал күпірлік немесе Жаратушы Алла Тағалаға бойұсынуды тәрк ету мінездің ең сорақысы. Адамдармен дөрекі сөйлесуші Алла Тағаланың алдында барлық нәрседен мақұрым қалады. Ол дүниеде де, ақыретте де зиян шегуші.

Кезекті хадисте Әбу Һурайра (р.а) былай дейді: «Алла Елшісі (с.а.с) көбіне адамдарды жәннатқа кіргізетін не екендігінен сұралды. Ол (с.а.с) болса: «Алладан қорқу және көркем мінез - құлық» деп жауап берді. Және тағы адамдарды көбіне тозаққа жетелейтін не екендігінен сұралғанда, ол (с.а.с): «Ауыз бен ұятты жерлер»,- деп жауап қатты». Хадис Алладан қорқу мен көркем мінез–құлықты біріктірді. Расында Алладан қорқып, тақуалық жолын ұстану – пенде мен Раббысының арасын жақсартады. Ал, көркем мінез–құлық болса, адам мен адамдардың арасын жарастырады. Және хадис ауыз бен ұятты жерлердің арасын байланыстырды. Өйткені ауыздан дөрекі сөз, күпірлік, ғайбат, өсек секілді сөздер шығатын болса, ал ұятты жерлерден зина туындайды. Осы екеуі барлық жамандықтың себебі және тозақтың жолы. Алла Елшісі (с.а.с) тағы бір хадисінде: «Мүміндердің иман жағынан ең толыққаны – олардың мінез–құлық жағынан жақсы болғандары»,-дейді. Адамның мінезі көркем болған сайын иман жағынан да толығады. Өзгелерге де сыйлы болады. Айша (р.а) Алла Елшісінің (с.а.с): «Расында мүмін құл көркем мінез – құлқының арқасында сауап жағынан ораза ұстаушы мен түнгі намазға тұрушы адамның дәрежесіне жетеді»,- дегенін естідім дейді. Дәрежелердің ең жоғарғысы ораза ұстаушы мен түнгі намазға тұрушының дәрежесі болса, пенде өзінің бойына сіңірген көркем мінезі арқылы осынау ұлық дәрежеге ие болады. Әбу Умама Баһили (р.а) жеткізген хадисте Алла Расулы (с.а.с): «Мен өзінікі дұрыс болса да талас–тартысты тастаған адамға жәннат маңайындағы үйлерден бір үйге кепіл боламын. Және ойнап болсын өтірік айтпаған адамға жәннаттың ортасындағы бір үйге кепілмін. Сондай–ақ мінез–құлқы көркем болған адамға жәннаттың

төріндегі бір үйге кепілмін»,-деп айтқан. Расында биік мәртебе мінез – құлқы көркем болған адам үшін нәсіп етіледі. Өйткені көркем мінез бүкіл артықшылықтардың барлығын өзіне қамтиды.

Аталы сөзге жол берген, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен қазақ бабаларымыз да бұл хадистерден шет қалмағаны айдан анық. Жоғарыда айтылған хадистерге орай «Түсі игіден түңілме» деп қарапайым халыққа өздерінің түгесілмес шешендіктерімен жүзі жылы адамның қасиетін ұқтырған сыңайлы. «Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат», «Жақсыменен сөйлессең құмарыңды қандырар, жаманменен сөйлессең көңіліңді қалдырар» деген ұлағатты сөздерінен көбіне көркем мінезді адамдарды жақсы адамға теңегендігін аңғарамыз. Абай Хакім: «...Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар бұл өмірде одан басқа» деп Алланың жаратқан құлдарына мейірімділік танытып, адамға әрқашан жылы шыраймен қарауға, оларды жақсы көруге үндеген. Бұған қоса жылы сөйлесудің маңыздылығы мына мақал–мәтелдерден де көрініс табады: «Жылы–жылы сөйлесең жылан да інінен шығады», «Сүйкімді сөз сүйек балқытар».

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, дана халқымыз көркем мінез–құлықтың құндылығын бұқара халыққа осынау даналық сөздерімен жеткізе білуі, олардың ұлағатты хадистерді өмірінде амалға асырып, жақсы ұғынғандығының бірден–бір айғағы деп түсінеміз. Күмәнсіз мінез-құлқы көркем болған адамның халықтың қалаулысы болатындығы бәрімізге мәлім.

20150819_194225

Мұхамметқали қажы Саликов

Саран қалалық мешітінің бас имамы

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін