Заңгер маманмен кездесу өтті

Белгілі заңгер, шариғат бойынша маман Мұхан Исахан Қарағанды өңіріне келді. Қарағанды облыстық орталық мешітінде дін мен заңды ұштастырып, осы жолда еңбек етіп жүрген заңгер маман өңір имамдарымен семинар өткізді. Өз саласының білгір маманы дін өкілдеріне зайырлы мемлекет пен дін арасындағы байланыс, түсініспеушіліктердің ара-жігін ашып, көңілге қонымды біраз мағұлматпен бөлісті. Ол өз сөзінде зайырлы мемлекет пен дін екеуі де сенім бостандығын дәріптейді деді. «Зайырлы сөзінің де түп төркіні «қысым көрсетпеу», «бостандық» болса, ислам діні де бейбітшілікке үндейді. Бұрын мешіт – құлшылық жасайтын орын, имамның міндеті намазын оқып, жаназа шығару деп қабылдайтын. Ал қазір дін өкілдері зиялы қауымға айналып, халықтың қамы үшін біркісідей ат салысуда. Ел ішіндегі дінаралық татулық пен келісімді сақтауда дін өкілдері – үлкен күш», - деді заң маманы. Мұхан Исахан 15 жылдан астам уақыттан бері «Мемлекет пен діннің қарым-қатынасын құқықтық реттеу» атты тақырып бойынша зерттеулер жүргізіп келген, «ҚР діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң жобасына ондаған ұсыныстарын енгізген тұлға. Қарағанды имамдары білікті маманнан көкейдегі сұрақтарына жауап алып, тың ақпараттарға қанық болды.

Қарағанды облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі

[gallery link="file" ids="19895,19896,19897"]
© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін