«Жүзден жүйрік» зияткерлік сайысының жеңімпазы анықталды.

Қарағанды экономикалық университетінде «Жүзден жүйрік» атты «ХХІ ғасыр көшбасшысы» форматында зияткерлік сайыс өтті. Танымы мен тағылымы мол айтулы шара Қарағанды облыстық орталық мешіті мен ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша «Жастар ісі» бөілімінің меңгерушісі Мадияр Мейіржанұлының мұрындық болуымен жүзеге асып отыр. Шапшаңдық пен білімділікті қажет ететін додада өңірдің жоғарғы оқу орындары мен колледждің алғыр да, зейінді студенттері бақ сынасты.

Үш айналымнан тұратын сайыс сұрақтары асыл дініміз бен салт-дәстүріміз және қазақ халқының тарихы мен би-шешендердің даналық сөздерін қамтыған. Сонымен бірге Қарағанды облыстық орталық мешітінің имамдары мен ұстаздары бейне сұрақтар қойып, қатысушылардың жауаптарын тыңдағанннан кейін, білікті дін мамандары сұрақтарына толыққанды жауаптарын берді. Сайыста ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы, «Бала қажы» мешітінің бас имамы Махмут қажы Нұрұлы мен Қарағанды қалалық №1 мешітінің наиб имамы Оралбай Әділбекұлы төрелік етті.

Жарыс соңында барлық айналымнан сүрінбей, ерек шыққан ҚарМТУ-нің Амандін атты студенті бас жүлдені жеңіп алды. Көшбасшы атанған студенке ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы 50 мың теңге көлеміндегі ақшалай жүлде мен марапаттау қағазын табыс еттті. Зеректігі мен зейінділігін байқатқан ҚарМУ, ҚарЭУ, ҚарММУ мен Қарағанды политехникалық колледжінен қатысқан студенттері алғыс хатпен марапатталып, қасиетті Құран кітап пен тағылымы мол кітаптар тарту етілді. Өкіл имам сайыс соңында қатысушыларды құттықтап, қазіргі таңда біліммен ғана оза аласың, қай кезде болмасын білімді мыңды жығатынын ұмытпағанымыз жөн деп, ілім-ғылымның маңызыдылығын айтты. Сайыстың да мақсаты – көкірегі ояу, көзі ашық жастар тәрбиелеуге үлес қосу. Жастарға дұрыс жол көрсету. Ойы қарақты, кемелді жастар – қашан да ел болашағының кепілі.

Қарағанды облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі

[gallery link="file" ids="21111,21115,21125,21126,21127,21128,21129,21130,21131,21132,21133,21134,21135,21136,21137,21138,21139,21140,21141"]
© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін