Мүшел жас – мерейлі жас

Қазақтың салт-дәстүрін жаңғырту бүгінгі жастың міндеті. Ертеңгі елдің болашағы болатын өскелең ұрпаққа білім беріп, сауатын ашатын мектеп ұстаздары тарих беттерін ақтарып, көнені жаңартып келеді. Шет ауданы Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімдері 7-ші сынып оқушыларына арнап мерекелік тәрбие сағатын өткізді. Мүшел жасқа келген 7"ә", 7"б" және 7"в" сынып оқушылары осы тақырып аясында өлеңдер оқып, ән-жыр айтты. Ұстаздар қауымы мерекелік кешті тамашалауға келген ата-аналар қауымы мен оқушыларға мүшел жас туралы мол мәлімет беріп, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын түсіндірді. Мүшел жасты мерейлі тойлатудағы мақсат, баланың бойына адамгершілік, ұлтжандылық пен өз ұлтын сүйіп, құрметтеу сынды тәрбие беру. Текті ұрпақ иманды ұлттан тарайды. Осыны нақ білетін ұйымдастырушы ұстаздар А.А.Акипова, Б.Ш.Жолданова және А.Қ.Төлеубаевалар Шет ауданы «Жанқұтты би» мешітінің бас имамы Маханбетчин Берік қажы Алпысбайұлын шақырып, жасөспірімдерге діни насихат айтуды құп санаған. Берік қажы Алпысбайұлы жайылған берекелі дастархандағы шелпектен дәм татып, Құран бағыштады. Мүшел жас туралы дінде айтылған мәліметтерге тоқталып, ырымға сенуге болмайтындығына айтты. Шариғат бойынша көрсетілген балиғат жасы қазақтың ертеден атап келген мүшел жасына тұспа-тұс келеді. Тура жолда адаспай келген ата-бабамыз бұл жасқа ерекше көңіл бөлген, бірақ қазіргідей неше түрлі ырымдар жасамаған. Исламда ырымға жол берілмейді, бұны ырыммен байланыстырып, мүшел жасты қауіпті кезең деп санап, аман-есен өту үшін құран бағыштап, өзінің жақсы көретін киім-кешектерін тарату сияқты жоралғылар дінімізге жат. Бас имамның осындай насихатынан рухани байыған оқушылар мен олардың ата-аналары көңілдері марқайып, дән риза болды. Осылайша қазақтың салт-дәстүрін жаңғырту мақсатында өткен торқалы той діттеген мақсатына жетті.

«Жанқұтты би» мешітінің баспасөз қызметі

[gallery link="file" ids="21262,21263,21264,21265,21266,21267,21268,21269,21270"]  
© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін