Жаңа мешіт халыққа қуаныш сыйлады

Бұқар жырау ауданы үшін биылғы жыл рухани жаңалыққа толы болды, олай деуге негіз болған аталған ауданға қарасты ауылдарда мешіттер бой көтеруде. «Аллаға жағамын десең азанды бол, халыққа жағамын десең қазанды бол» - деген қағиданы ұстанған кәсіпкер азаматтар туған елге, кіндік қаны тамған жерге Алла үйі, киелі шаңырақ мешіттер салып ел игілігіне беруде. Көпке үлгі боларлық азаматтардың атын атап өткен жөн. Керней ауылына жаңа мешіт сыйлаған А.Саршинов, Көкпекті ауылына мешіт тұрғызып жатқан Н.Жанибеков, Нұржан, Мухтаров Қуантай және Ғ.Мұстафин кентіне мешіт салдырып жатқан Әбілғазы Қалиақпарұлы Құсайнов сынды азаматтар жастарға үлгі.

Сол сияқты дүбірлі той жасап, елге ас беріп, сауапты ісімен көрініп жүрген Түсіпбековтер әулеті ауданға қарасты екінші мешітті ел игілігіне сыйлады. Ауданға қарасты Тегісжол ауылына «Мұрат ата» мешітін салып, осы күнге дейін мешіттің шығынын өз міндеттеріне алған Түсіпбеков Рашид аға мен жұбайы Күләш апай,баласы Жанат Рашидұлы елге өнеге. Бұқар жырау ауданына қарасты Ростовка ауылына керемет кірсе шыққысыз құлшылық орны мешітті бір жазда салып, ауыл жұртына қуаныш сыйлады. Мешіт ашылу салтанатына арнайы келген қонақтарды аудан имамы А.Р.Мукаев пен ауыл әкім А.Қожақметов күтіп алды. ҚМДБ-ның найб муфтиі, Астана қаласы бойынша өкіл имамы, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов мешіттін маңыздылығы жайлы қоғамға, елге берер жақсылықтарын уағыздады. Сонымен қатар Бас Муфти Ержан қажы Малғажыұлының елге ыстық сәлемін жеткізіп мешіт салған Түсіпбековтер әулетіне Бас муфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің Алғыс хатымен марапаттады. Әр істі Құранмен бастаса береке бар – деген, мешіт ашылу сәті Құран оқумен басталары заңдылық. Астанадағы қарилар даярлайтын медресенің директоры Садуақас қари оқыған Құран тоңып тұрған халыққа жылу сыйлады. ҚМДБ-ның найб муфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы жиналған жамағатқа жаңа мешітке қызмет ететін «Нұр Астана» медресесінің түлегі Абдыгалиев Естай Айтуганұлын таныстырды. Сонымен бірге Бас муфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің атынан мешітке сыйланған Құран кітапты табыс етті. Сондай-ақ найб муфти Наурызбай қажы Тағанұлы мешіт салуға бар күш жігерін жұмсаған құрылысшыларға Алғыс хат табыстап рахметін айтты. Аудан әкімі Н.С.Кобжанов т.б.қонақтар өз кезегімен сөз алып, мешіт демеушілеріне ризалықтарын білдірді. Аудан имамы Аманбол қажы Рымқұлұлының әуенді азан шақыруымен жиналған жамағат мешіт ішіне кірді. Екі бас нафіл

намаздарын оқыған жамағат жаңа сайланған имамның артынан ұйып бесін намазын оқыды. ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Ө.Қ.Бекқожа бата берді. Алыс жақыннан жиналған халыққа арнайы Ростовка,Тегісжол,Қызылжар ауылдарында дайындаған асқа шақырып, қазақи дәстүрмен жеті жүзге жуық адамға ас берілді.

«Батыр болсаң жауға найзаң тисін, бай болсаң еліңе пайдаң тисін»- деген Түсіпбековтер әулеті көпке өнеге болуда. Осындай дін жанашырлары көп болса, егеменді еліміздің туы биік, тұғыры мықты болар еді.

[gallery link="file" ids="21889,21890,21891,21892,21893,21894,21895,21896"]
© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін