Мәуліт мерекесі салтанатты түрде тойланды

«Жанқұтты би» мешітінің бас имамы Маханбетчин Берік қажы Алпысбайұлының қолға алуымен Мәуліт мерекесі Шет ауданында кеңінен тойланып жатыр. Бұл жолы Шет аудандық Мәдениет үйінде облыстан келген қонақтар, аудандағы мешіт молдалары, мемлекет қызметкерлері, мектеп оқушылары және өңірдегі қазыналы қарттар жиналды. Салтанатты мейрамды Ихсан студиясының діни сарапшысы Асқаров Амангелді Құран кәрімді оқып ашты. Қарағанды облыстық орталық мешітінің наиб имамы Жақия Мерей ҚМДБ-ның бас муфтиі Ержан қажы Малғажыұлының және Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Бекқожа Өмірзақ қажының құттықтау сөздерін жеткізді. Мерейлі Мәулітпен құттықтауды аудан әкімінің орынбасары Әбилдин Азамат Азатұлы жалғастырды. Халыққа ізгі тілегін жеткізіп, мерекенің кең көлемде насихатталып жатқанына ризашылығын танытты. Бүгінгі салтанатты кешке Қарағанды облысы орталық мешіттің ұстазы теолог Тағаев Нұрбол да келген. Ол барша жұртқа Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірі мен көркем мінезі жайлы уағыз айтты. Шахтинск қаласының бас имамы Алимбек қажы арапша мәуліт оқып, Ж.Ақылбаев мектебінің бір топ оқушылары салауат айтты. Домбыраның қос құлағында ойнаған Нұрмұхаммет ақын арнау айтып, жүректерді тебірентсе, Ихсан студиясының діни сарапшысы Асқаров Амангелді, ауыл тұрғыны Құттыбаев Алмаз сынды талант иелері діни ән мен терме тартып, тыңдарманға өуанышты көңіл-кү» сыйлады. Шет ауданының тұрғыны ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, өлке танушы, Құрмет орденінің иегері Кәмел Жүністегі өңір тұрғындарын және барша мұсылманды қасиетті мерекемен құттықтап, халықтың діни сауаты ашылып, Мәулітті тойлаушылардың қатары артқанына қуанышын жеткізді. «Жанқұтты би» мешітінің бас имамы Берік қажы Алпысбайұлы жиналған халық пен облыстан келген қонақтарға ризалығын білдіріп, осы Мәулітке демеуші болған және мешіт жанашырларына алғыс хат пен қасиетті Құран кәрім кітабын сыйға тартты. Салауат айтқан балаларға да сый-сияпат берілді. Ақсақалдар мен жиналған көпшілік мешіт асханасында дайындалған мерекелік дастарханнан дәм татып, ризашылықпен тарқасты. Халыққа Мәуліт мерекесінің ұлықтығы осылай көркем түрде насихатталды.

«Жанқұтты би» мешітінің баспасөз хатшысы

[gallery link="file" ids="22105,22106,22107,22108,22109,22110,22111,22112,22113,22114,22115,22116,22117,22118,22119,22120,22121,22122"]
© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін