Жезқазған қаласында «Исламның мұраттары мен құндылықтары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Жезқазған қаласында «Исламның мұраттары мен құндылықтары»  атты республикалық ғылыми-тәжірибелік  конференция өтті. Конференцияның құрметті қонағы болып ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ-ның уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров, РАНТ мүшесі Ризабек Батталұлы, ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкілі Өмірзақ қажы Қазкенұлы, Алматы орталық мешітінің наиб имамы Оралхан Рахматбекұлы, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Ақылсерікұлы, Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Әспенби Жолдасұлы, Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Дүйсенбайұлы қатысты.

Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда исламдағы құндылықтар мен қазақ халқының салт-дәстүрлері кіріге байланысқандығы жайлы сөз қозғалды. ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы: «Дін ұғымы ілім мен білімнен, оқу мен тоқудан тұрады. Біздің ата дінімізге айналған тынысы мен өрісі кең, бейбітшілік пен мейірім тұнған ислам адамзатты тек өркениетті, рухани кемел болуға ғана жетелейді. Қарт тарихтың өзі куә, қазақ халқының басынан өткен соқпақты жолы, руханиятының күйзеліске тірелген кезеңдері аз болмады. Кеңес тұсында халықтың өз мәдениетін, діни әдет-ғұрып, салт-дәстүрін атқаруына кедергілер көп болды. Адам болмысын материалдық мүмкіндіктер шеңберінде ұстаған идеология бүтін бір халықтардың рухани құндылықтарын төмендетті. Дегенмен, Аллаға мың сан шүкірлік, тәуелсіздігіміз қайта оралып, бүгінде етек-жеңіміз бүтінделіп, ата дініміз бен баба салтын қайта жаңғыртып, дәстүрлі арнамызға ойыса бастадық»,-деп сөзін тәмамдады . Ал ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкілі Өмірзақ қажы Қазкенұлы өз сөзінде: «Халқымыз ғасырлар бойы дінді — руханияттың негізі санап келді. Ұлттың рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатты. Ата дініміз Исламдағы адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, келісім, имандылық, білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік сияқты асыл құндылықтар мен қасиеттер ұлтымыздың болмысында бұрыннан бар мінездермен астасып, рухани құндылықтардың қайталанбас кешенін құраған. Яғни, дін руханияты дәстүрлі құндылықтарға негіз болып қаланды. Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі», — деп ислам дініндегі құндылықтарды атап айта келе, «бүгінгі аға буынның міндеті – әр түрлі жаһандық құбылыстар мен кедергілерге қарамастан, өзімізге аманат болған дәстүрлі Ислами құндылықтарды қаз-қалпында келер ұрпаққа мұра етіп қалдыру» деп ойын аяқтады. Тақырып тізбегі исламдағы бала тәрбиесінің алар орны мен жат ағымдардың таралуы жайында жалғасты. Сондай-ақ, конференцияда дінтанушылар мен ұстаздардың лекциясы ғана тыңдалмай, отырған қауымның бірқатар сұрақатарына да жауап берілді.Дәстүрлі ислам іліміне шөлдеген қара халық көкейдегі сан түрлі сұрақатарын қойып, көңілге қонымды нақты әрі дұрыс жауаптарын алып жатты. Алқалы жиын соңы мәнді отырысқа ұласып, салиқалы ой айтып, дәстүрлі дінді дәріптеген дін қызметкерлеріне Жезқазған халқы алғыстарын білдірді.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін