Профессор М.І.Әбдуовтың Ақтөбедегі лаңкестік оқиғаға байланысты мәлімдемесі

Мұхаммед () пайғамбардың хадисінде мынандай ғибрат бар: «Ашық түрде болсын, жасырын болсын жаман қылыққа жуымаңдар. Аллаһтың әміріне қиянат жасап, нақақ адам өлтірмеңдер». Яғни, жазықсыз жанды өлтіру ол – ең ауыр күнә, ең ауыр қылмыс.

         Жақында ғана Ақтөбе қаласында болған лаңкестік әрекеттерден елі үшін еңбек етіп жүрген жазықсыз жандар өмірден озды. Олардың отбасы, бала-шағасы орын толмас үлкен қасіретке душар болды. Көз жұмған жазықсыз жандардың обалы кімнің мойынында? Әрине, адамгершіліктен айырылған, азғындық жолға түскен кісі өлтіргендердің мойынында болады.

Қазақ халқында «Басты байлық – бірлікте, бірліктің түбі – тірлікте» деген қанатты сөз бар. Ел бірлігі – байлықтың бастауы. Ал бірліктің буынына қол жұмсағандар – елдің дұшпаны. Ыбырай Алтынсарин өзінің бір өлеңінде:

Бәріміз бір адамның баласымыз,

Жігіттер бір-біріңе қарасыңыз,

Бес күндік өмір деген кетер өтіп,

Орынға атам барған барасыңыз, - деп айтқан екен.

Адамзат баласына берілген аз ғана сынақ өмірді татулықта, тиыштықта, бейбіт түрде өткізген жөн емес пе? Ал, бұған қарсы шыққандарды адамзаттың қас жауы деп білгеніміз жөн. Мейірім мен қайырымнан жұрдай болғандар қатыгездіктің барлық түріне барады. Ондай адамдар туралы хадисте: «Кішілерімізге мейірім, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген бізден емес» - деген.

Филология ғылымдарының докторы,

профессор М.І.Әбдуов

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін