ҚАРАҒАНДЫДА ҚҰРАН КЕШІ ӨТТІ (ФОТО)

Қасиетті Құрбан айттың екінші күні, яғни қыркүйектің 13-ші жұлдызында Қарағанды облыстық орталық мешітінің ұйымдастыруымен жасөспірім балалардың арасында тұңғыш рет «ҚҰРАН  КЕШІ» өтті. 3-16 жас аралығындағы балалардың қатысуымен өткен кешке 25 ер бала, 15 қыз бала тіркеліп, бас-аяғы 40 бүлдіршін бақ сынасты. Бұл кешке ұстаздардан күнделікті сабақ алып, сауатын мешіттен ашқан шәкірттер де қатысты. Құранды мәнерлеп оқыған қатысушылардың ішінде ең кішкентай 3 жасар Әбдірахманов Нұрахмет Ысқақұлы ерекше көзге түсті. Кештің алғы сөзін Қарағанды облыстық орталық мешітінің бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы ашты. Бас имам: "Ойы тұнық жас сәбилерді кішкентай кезінен Құранды тез жаттап, дұрыс оқуға баулитын осындай кештердің жиі болғаны құптарлық іс. Енді мұндай шаралар жыл сайын дәстүрге айналып, жалғасын тауып отырады",-деді. Кеш соңында қатысқан барша балаларға алғыс хаттар мен Құран кітаптары табысталды. Айта кету керек, ұйымдластырылған бұл кеште жүлделі орындар жоқ. Мұнда кез-келген сәби Құраннан жалғыз  сүре білсе де қатысып, өзін көрсете алады. Ерекше форматтағы аталмыш шара қаламызда тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін