АРНАЙЫ ЖОБА: ДІНДАР ҚАЙТІП ДІЛМӘР БОЛМАҚ? (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожаның ұйытқы болуымен өңірдегі имам-молдалар үшін «Шешендік өнер және көркем насихат» атты тақырыпта арнайы тренинг ұйымдастырылды. Тренингті ҚМДБ Баспасөз бөлімінің басшысы, журналист Ағабек Қонарбайұлы жүргізді.

Слайд және бейнероликтердің көмегімен өткен тренингте шебер сөйлеудің әдістері, шешенге қажетті құралдар мен қабілеттер, даналықпен насихат жүргізу, уағызшыға қойылатын талап-міндеттер, жиі қолданылатын сөздерден арылу, ойды айқын жеткізу, тығырықтан шығу тетіктері, т.б. керек кеңестер айтылды.

А.Қонарбайұлының діндарларға арналған дәрісі теориялық әрі тәжірибелік тұрғыда өткізілді. Тренинг соңында имамдар сол мезетте таңдалған белгілі бір тақырып төңірегінде 3 минуттық уағыз айтып, сөз соңында жіберілген қателіктер төңірегінде ортақ талқылаулар болды.

Сонымен қатар, шешендік өнер саласында жетістікке жеткен әлемдік тұлғалардың халық алдында шебер сөйлеген сәттері баяндалған бейне роликтер көрсетіліп, имамдар бейнебаянда байқаған жағдайлар туралы талқылады.

«Имамдарымыз халық алдында шыққанда байсалды, шешен сөйлеуі тиіс. Бұл – заман талабы. Өйткені, дін қызметкері – халықты игілікке, имандылыққа бастайтытын тұлға. Оның әрбір сөзі жамағаттың жүрегінен орын алуы керек. Қазір шешендік өнер пәні медреселерімізде де арнайы оқытылып жатыр», – деп мәлімдеді ҚМДБ Баспасөз бөлімінің басшысы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін