ӨНЕГЕЛІ ОТАУДЫҢ ӨРІСІ КЕҢ

Бүгінде жастарымыздың танымында ұлттық дәстүрге деген қызығушылығын арттыру мақсатында көптеген игі істер атқарылып келеді. Осы негізде Қарағанды қалалық №1-мешітіндегі қыз балаларға арналған діни сауат ашу курсында Дін мен Дәстүр бағытын басшылыққа ала отырып, «Өнегелі отаудың өрісі кең» тақырыбында сайыс ұйымдастырылды. Тәлім мен тәрбиесі, өнегесі мен жоралғылары сабақтасқан бұл сайысқа жасамыс қарт аналар мен қыз-келіншектер қатысты. Наиб имам Ермахан Оралбай сайысқа қатысушыларға кіріспе сөз сөйлеп, осындай кештердің бүгінгі уақытта маңыздылығын атап өтті. Мешіт ұстазы Бақытгүл Жикенова қатысушыларды үш топқа бөліп «Қыз ұзату», «Келіннің сәлем салуы», «Сәбиді бесікке бөлеу», «Тұсау кесу», «Бала тәрбиесін құрсақтан бастау», «Әйелдің ерінің алдындағы міндеті» секілді діни құндылқтар мен ұлттық дәстүрдің озық үлгілерін көрініс арқылы тамашалатты. Өмірден түйгені мол апалар қауымы ел намысы болып саналатын қыздарымызға қазақ халқының тұрмыс тіршілігіндегі бала денсаулығы мен рухани тәрбиесіне пайдалы дәстүрлерді көрсетіп берді. Жастар жағы да өздерінің заман талабына сай біліктіліктерін көрсетіп, дәстүрді жаңғыртып жатқандығын осы сайыста айқын аңғартты. Дін мен Дәстүр сабақтасып жан-жақты өткізілген сайыстың соңында жеңімпаздар анықталып, оларға сый-сияпаттар мен алғыс хаттар табысталды.

Қарағанды қалалық №1-мешітінің баспасөз қызметі

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін