ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯЛАР ЖАҢАЖЫЛДЫҚ КОРПОРАТИВТЕН БАС ТАРТТЫ

Қазір мемлекет үшін қиын тұста, отандық компаниялар жаңажылдық сауық-сайранға емес, еліміздің егемендігіне 25 жыл толуына арналған түрлі шараларға көп мән беруде. «Самұрық-Қазына», «Қазақстан Темір Жолы», «ҚазМұнайГаз» компанияларының бюджетінде жаңажылдық корпоративтерді өткізуге қаражат қарастырылмаған.

«Қазақстандық компаниялар қазір жаңажылдық корпоративтерге мүлдем дайындалып жатқан жоқ. Компаниялардың белсенділігі өте төмен, себебі биыл Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтеді. Корпоративтерге тапсырыс беру, әртістерді таңдау, мерекенің тұжырымдамасын дайындау желтоқсанда басталуы ықтимал. Бірақ оның өзі күмәнді. Біздің ел үшін 16 желтоқсан өте маңызды дата болғандықтан, Астанада, аймақтарда ешқандай жаңажылдық дайындықтар байқалып жатқан жоқ. Ел егемендігінің 25 жылдығы қалай айтсақ та, барлығымыз үшін де өте елеулі оқиға», — дейді Азамат.  

 Ал мемлекеттік емес, дербес шағын компаниялар, жеке бизнес жаңажылдық корпоративтер үшін мейрамxаналардағы бос орындарға осы бастан тапсырыс беруде.

«Жеке компаниялар ұжымы қазірден қамданып жатыр. 23-24 желтоқсан күндері ерекше сұранысқа ие. Ресторандардың басым бөлігі орындарын сатып үлгерді. Бұл жеке меншік компаниялар ғана екенін атап өткім келеді», — деп атап өтті танымал шоумен.

Дегенмен олардың өзі дағдарыс кезінде көп шығынға батпай-ақ, мейрамды арзанға өткізуге тырысады екен.

«Жаңа жылдық корпоративті өткізу шамамен 300 мың теңгеден басталады. Қазір әртістері шақыру да азайды. Бұрынғыдай мейрамды белгілі бір тақырыпқа арнап, Голливуд мәнерінде ұйымдастыру өзекті емес. Биыл желтоқсанға әртіс жалдаған компаниялар мүлдем жоқ. Әр компанияда өздерінің таланттары бар. Бөлім қызметкерлері жеке-жеке сценарий дайындап, бірі ән айтса, екіншісі музыкалық аспаптарда ойнайды, енді келесілері күлкілі қойылым ұйымдастырады», — деп түйді сөзін Азамат Имашев.

© 2009-2019, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін