Қарағанды облыстық орталық мешітінде екі бірдей мерейлі іс-шара өтті (фото)

  

 Қарағанды қаласының «Кеншілер» мәдениет сарайында облыстық орталық мешітінің ұйымдастыруымен екі дүние сардары Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  туылған айына орай «Пайғамбарлар падишасы» атты рухани мәуліт кеші өтті. Мұсылман қауым  молынан жиналған ғимаратта халықтың көптігінен ине шаншар жер болмады.

Рухани мерекеде Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков, ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, Астана қаласының өкіл имамы Өтпенов Наурызбай қажы Тағанұлы, "Нұр-Мүбәрак" ислам университетінің ұстазы Ризабек Батталұлы қатысып жиналған мұсылман қауымды осы бір ұлық мерекемен құттықтады.

 Сахна төрінде  Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  өмірінен үзінді ретінде қойылым көрсетіліп, діни термелер айтылып, күй шертілді. Салауат бұрышы қойылып, сансыз салауаттар айтылды.

Кеш соңында Қарағанды облысының өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожа жиналған мұсылман қауымға өзінің игі тілегін білдіріп, алғысын айтты.

Дәл осы күні Қарағанды облыстық орталық мешіті салдырған «Діни сауат ашу орталығының» ашылу салтанаты өтті. Білім нәрімен сусындататын жаңа ғимарат екі қабаттан тұрады.  Тәжірибелі ұстаздар, сынып бөлмелері, оқу-құралдары толық қамтамасыз етілген. Сауат ашу орталығының жатақханасы да ғимараттың ішінде орналасқан. Шәкірттерден талап етілетіні тек - оқу, білім, іздену. Осындай игі шараның бастамасы болып табылатын ашылу салтанатына Қарағанды халқы үлкен қуанышпен жыйналды. Қарағанды облысының өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожа бастау алған қала, аудан имамдары да осы жерден табылды.  Ғимараттың ашылу салтанатында ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Өтпенов Наурызбай қажы Тағанұлы имамдар мен медресенің салынуына ат салысқан демеушілерге алғыс хаттар табыстады.  Алдағы уақытта аталмыш сауат ашу орталығында оқушылар Құранға түсіп, араб тілін меңгере алады. 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін