Бүгін - қыз-келіншектер орамал тағатын күн

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 ақпан күні әлемнің барша қыз-келіншектері мұсылман қыздарға қолдау ретінде бір күн бастарына орамал тағады. Осылайша, түрлі дінді ұстанатын әлем әйелдері орамалды адамның ажырамас құқығы ретінде сыйлауды талап етіп, исламофобия мен кемсітушілікке қарсы наразылықтарын білдіреді. Ең алғаш орамал күні туралы бастаманы 2011 жылы америкалық Назма Кхан көтерді. Ол 11-жасында ата-анасымен Бангладештен Америкаға көшіп келген. Орамалына байланысты мектепте де, университетте де талай құқайды көрген қыз өзі секілді әпке-сіңлілеріне рухани көмек көрсету мақсатында әлеуметтік желілер арқылы барша әлем қыз-келіншектеріне бір күн орамалмен жүру туралы үндеу тастады. Қызығы сол, алғашқы жылы-ақ Назманың бастамасын 67 елдің нәзік жандылары қолдай кетті. Ал 2015 жылы әлемнің 116 елінен 10 миллионға жуық әйел шараға қолдау білдірді. 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін