Елімізде қыз алып қашқан азаматтар 12 жылға қамалуы мүмкін

Қыз ұрласаң – түрмеге отырасың. Жаза мерзімі де аз емес – төрт жылдан он екі жылға дейін соттайды. Әйел баласының тағдырымен ойнаймын дегендердің есінде болсын: кез келген қылмыс заңмен жазаланады.

Бұл туралы Sputnik хабарлайды.

Біреуді жылатып бақытты болу мүмкін емес, мұны көкірегі ояу, көзі ашық азаматтың бәрі түсінеді. Алайда, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ұрланған қыздардың басынан өткен оқиға туралы әлі күнге дейін естіп жатамыз. Бұл шарасыз қалыңдықтардың тағдыры өзгеруі тиіс. Қылмыс пен жаза Темір тордың ар жағында 12 жыл – “күйеу жігіт” қылмысы үшін осындай жазаға кесілуі мүмкін. Қыздар “ел-жұрт не дейді” деп жалтақтамауы тиіс, қорқатын дәнеңе де жоқ. Оларды қорғайтын заң бар.

“Қазақстандағы әйелдердің құқығы заңмен қорғалған. Қызды зорлықпен ұрлау қылмыс ретінде жазаланады. Бұл жерде екі жақтың келісімімен “салт-дәстүр” ретінде жасалатын “алып қашу” емес, шын мәнісінде адам ұрлау жайында сөз болып отыр. ҚР ҚК 125 бабы 1 бөлігінде адам ұрлау үшін төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал енді осы қылмыс алдын ала келісім бойынша топ болып жасалса – жеті жылдан он екі жылға дейін жаза мерзімі тағайындалады”, — деп түсіндіреді адвокат Айман Омарова. Жүрекке әмір жүрмейді Ұрланған қыздардың үнсіздігі олардың келісім бергендігі емес. Психолог Гулбарам Мұсаеваның айтуынша, бірнеше факторлар ескерілуі тиіс.

“Көптеген қыздар жұрттың сынына ұшыраудан қорқады. Отбасылық құндылықтар мен тәрбиенің де маңызы зор. Қыздың жанұясындағы әкенің рөлін де ұмытпау керек. Әкесі қандай адам? Отбасында қандай құндылықтар болды? Мұның бәрі ұрланған қыздың жүрегіне үрей ұялатады. Оның үстіне, оған зорлық көрсетілсе, өмір бойына жаны күйзеліп өтеді”, — дейді ол. Психологтың айтуынша, жігіттердің өзін-өзі төмен бағалауы қыз алып қашуға итермелейді. “Жігіттің мұндай әрекеті оның өзін қорсынуына байланысты. Әлбетте, әр түрлі жағдайлар болып жатады. Мәселен, ер адам қыздың теріс жауабынан қорқып, аруды осылайша өзіне қаратуға тырысуы мүмкін”, — дейді Гүлбарам Мұсаева.

Не істеу керек және кім кінәлі? Адам құқығын әрбір мемлекет қорғайды, Қазақстан да бұған баса назар аударады. Адвокат Айман Омарова жәбірленушілерге бірден полицияға шағым беруге кеңес береді. “Адам ұрланған жағдайда, өзара бітімге келіп, жабулы қазанды жабулы күйінде қалдыруға болмайды. Айту керек, әйелдің заңмен қорғалатынын есте сақтау қажет. Бірінші кезекте полицияға арыз жазылады. Одан кейін бұл іс басқа да баптар бойынша қаралуы мүмкін, мәселен “заңсыз ұстау” және тағы басқалары. Бұл сол жағдайға байланысты”, — дейді адвокат.

“Кім кінәлі?” деген сұраққа әркім әрқалай жауап беруі мүмкін. Көпшілігі ескішіл әдет-ғұрып пен надандық дейді, кейбіреулер заңнамадағы кемшіліктерді алға тартады. Соңғы себеп, Айман Омарованың пікрінше, шындыққа жанаспайды. Надандықтан арылу – дені сау қоғамды қалыптастырудың кілті.

Әйел де адам баласы. Осыны айтып, жан-жақтан жар салғанымызбен, адам санасын әп-сәтте өзгерте салу мүмкін емес. Талай қыздың тағдырын ойран еткен осы бір қиянатқа қарсы белсенді түрде әрекет етсек қана бір нәтижеге қол жеткізетініміз анық.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін