Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ: БІРЛІК – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти

 

 

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

 

Құрметті бауырлар!

Бірлік – қасиетті сөз. Қасиетті кітабымыз Құранда бірлік туралы баяндалған. Соңғы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де адамзаттың ауызбіршілігі уағыздалған. Жаратушы Иеміз «Әли Имран» сүресінде: «...Бөлінбеңдер», – деп әмір етсе, Оның Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «...Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», – деп, жамағатты, барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеген.

Халқымыздың би-шешендері мен ақын-жыраулары да әрқашан өсиетті сөздері мен ғибратты толғауларында, өлең-жырларында бірлікті насихаттаған. Майқы би бабамыздың:

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,

Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», – деген нақыл сөзі қанша ғасыр өтсе де ұрпаққа өнеге бола бермек. Төле бидің: «Бірлік болмай, тірлік болмас», – деуі де тегін емес. Осынау парасатты пайымдаулар халқымыздың санасында сақталып, досқа қамқор, өзгеге өнеге көрсетіп, бірлікті ту етіп келеді.  

Елбасы айтқандай, бірлік – баға жетпес байлығымыз. Тұрақтылық – біздің татулығымыз берік болуы үшін табан тірейтін тұғырымыз.  

Қадірменді отандастар!

Сіздерді 1 мамыр – бірлік мерекесімен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін.

Алла Тағала халқымыздың бірлігі мен берекесін арттырып, Тәуелсіздігімізді баянды еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин! 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін