ҚМДБ: Жүректі елжіретіп, көзге жас үйірген кеш (ФОТОРЕПОРТАЖ)

 

Алматы қаласындағы Республика сарайында пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған айына байланысты мәуліт кеші өтті.

Рухани кешке Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы, мүфтият қызметкерлері, облыстың бас имамдары, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты.

«Өнер қырандары» театрының пайғамбарға сағыныш, ата-ананың қадірі, туысқандық қарым-қатынас, мешіт салудың сауабы сынды тақырыпта қойған сахналық көріністері жамағаттың жүрегін елжіретіп, көзіне жас үйірді. Белгілі айтыскер ақын Дидар Қамиевтің орындауындағы «Ана қідірі» термесі де сарайға жиналған қауымды тебірентіп, анаға құрмет көрсетудің озық үлгісін паш етті.

Кеш барысында адамзаттың асылы болған пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтылып, дұға жасалды.

Сахнаға шығып, жамағатты мәуліт мерекесімен құттықтаған Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы: «Біздің, мұсылман үмбетінің күнделікті тіршілігімізде Алла елшісінің өнегелі сөздері басшылыққа алынып, көрініс табуы тиіс. Пайғамбарға адалдық осыдан басталады деп ойлаймын. Біз пайғамбар сүннетіне қаншалықты адалмыз? Міне, осы сұрақ әр мұсылманды мазалауы қажет деп санаймыз. Бүгінгі шарада ерекше өнерімен халыққа пайғамбардың өнегелі өмірін насихаттаған «Өнер қырандары» театрының ұжымына, ақын Дидар Қамиевқа, мәуліт кешін ұйымдастырған дін қызметкерлеріне, Алматы қаласының имамдарына айрықша алғысымды білдіремін. Алла разы болсын! Мәуліт мүбәрак болсын, ағайын», – деді.

Шара соңында жамағатқа құнды рухани кітаптар тегін үлестірілді.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

ҚМДБ баспасөз қызметі

www.muftyat.kz    

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін