Қарттарым – асыл қазынам

 

Қазан айы қарттар күні мерекесі болып басталады. Ортамызда жүрген қарияларымызды елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері үшін ерекше қастерлеп құрмет тұтады. Қазіргі кезде біздің мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан- жақты үкімет тарапынан қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбітшілік тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп есептейміз. Халқымыздың тәлім – тәрбиесінде ананың ақ сүтімен, әже өнегесімен, аталар ақылымен берісіп, өзіндік қасиетімізді қалыптастыру көзделген. Қазақ халқы  – « Төріңнен қарт кетпесін» деп тілеген халық. Жасы үлкенге құрмет ету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата дәстүріміз. Осы орайда Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінің бас имамы Қабылбек Әліпбайұлы Қарағанды қаласының қарттар мен мүгедектерінің №1 мемлекеттік мекемесінде арнайы іс-шара ұйымдастырып, рухани тәлімдік кездесу өткізді. Қарттар мен мекеме қызметкерлеріне имандылық пен ізгілік турасында насихат айтып, кездесу соңы сұрақ-жауаптармен ұласты.  Үнемі назарына алып отыратын мешіт ұжымына мекеме басшылығы да өз алғыстарын жеткізді. Қайырымдылықты қатар алып отыруды дәстүрге айналдырған бас имам мекеме тұрғындарына 60 дана  жылы жеңіл аяқ киімдер мен шұлықтар тарту етті. Өнегелі іс-шара соңында дүниеден өткендерге дұға бағышталды.  Ия, өмір оты ерте өшірілмесе, адам баласының қартаюы табиғи заңдылық. Қарттардың тілегі – ел амандығы, жұрт тыныштығы. Олар бүгінгісін ғана ойламайды, өткен өмір жолын зерделеп, алдын болжауға тырысады. Қарттар – кісіліктің төресі.

Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінің баспасөз қызметі

 

 

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін