«Алла елшісінің үмметі – оны тану міндеті»

Шынында мына заман қалай келген?

Біздерге таңырқарлық сөзді берген.

Құран Кәрім ғылымды кеңейтуші,

Келді дейміз Мұхаммедтей кемеңгерден.

 

*Қасиетті Құранның "Ахзап" сүресi 21-аятында Алла Тағала: "Расында сендер үшiн, Алладан, ақырет күнiнен үмiттенгендер мен Алланы еске алып тұратындар үшiн Расулуллада (Мұхаммед пайғамбарда ) әлбетте тамаша өнегелер бар" деп ұқтырады. Иә, мүмін-мұсылмандар үшін дін жолында, бес күндік жалған дүниеде Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.у) тамаша үлгі-өнеге. Сондықтан шынайы мұсылманның өмірдегі басты мақсаты – пайғамбарымыздың сүннетіне еліктеу. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.у)қандай жан еді? Осы орайда әлемдерге рахмет белгісі ретінде жіберілген ақырғы пайғамбар Мұхаммед (соллалаһу алаһи уа сәлләмнің) мәуліт айының құрметіне Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінде әз-пайғамабарымыз с.ғ.с өмірбаянына қатысты шәкірттер арасында сайыс өткізілді. Жастар бөлімі мен Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен  «Алла елшісінің үмметі – оны тану міндеті» тақырыбымен өткен рухани кешке облыстық «Әнет баба», «Әл-Машани», «Балақажы» мешітінің жанындағы діни сауат ашу курсының шәкірт қыздары қатысты. Сонымен қатар, көрермен ретінде студент қыздар шақырылды. Сайыс барысында Алла елшісінің өнегелі өмірінен билеттер арқылы қойылған сауалдарға нәтижелі жауап беру барысында Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің командалық шәкірттері І-ші орынмен жеңімпаз атанып, ұстаздар қолынан марапаттау қағаздарын алды. ІІ-ші орынды «Әл-Машани» мешітінің шәкірттері иеленсе, ІІІ-ші орын «Балақажы» мешітінің командасына бұйырды. Үш мешіттің ұстаздары әділ қазылық еткен сайыста салауаттар айтылып, көрермендерге викториналық сауалдар қойылды. Толыққанды жауап берушілерге бағалы сыйлықтар тарту етілді. Жыл басынан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан діни таным мен түсінікті дұрыс қалыптастыратын осындай рухани кештің ұйытқысы болған мешіт ұстазы Бақыткүл Жикенова кеш соңын қайырымдылық шарамен жалғастырды. Әлеуметтік аз қамтылған алты отбасына және жатақханада тұратын төрт студентке азық-түлік салынған сөмкелерді тарту етті. Бұл өнеге өте жомарт, қолы ашық, мейірімді, жұмсақ мінезді болған Алла елшісінің  сүннетін жаңғырту мақсатында атқарылды. Иә, «Хаққа құл, расулға үмбет әзелден біз», – деп мұсылман екенін мақтан ете отырып, жырға қосқан қазақ халқының да Хақ пайғамбарға деген сүйіспеншіліктері шын жүректен әрі уыздай пәк еді. Өткізілген рухани кеш осыны тағы да бір айғақтады. Халқымыздың ғасырлар бойғы жүрек үнін паш еткен өлең-жырларына үңілсек, олардың Алла Тағаланың:  «(Уа, Мұхаммед, оларға айт:) «Егер Алланы жақсы көрсеңдер мені үлгі етіп алып, соңымнан еріңдер, сонда  Алла Тағала сендерді жақсы көріп күнәларыңды кешіреді. Алла Тағала тым кешірімді, әрі аса Рақымды», – деген бұйрығына бас игендігін көреміз. Демек, Алланы сүю – Пайғамбарды сүйіп, оның салған тура жолымен жүру деген сөз.

Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінің баспасөз қызметі

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін