Қарағандыда «Пайғамбарлар падишасы» атты рухани мәуліт кеші ұйымдастырылды (фото)

Бүгінде әлем мұсылмандарының  мерекесіне айналған, қуаныш пен шаттық күні болған Мәуліт мерекесі Қарағанды шахарында да аталып өтті.

ҚМДБ-ның Қарағанды қалалық мешіттерінің ұйымдастыруымен «Кеншілер» мәдениет сарайында екі дүние сардары болған, пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (салаллаху алейхи уа саллям) туылған күніне арналған рухани мәуліт кеші өтті. Бұл күні айтулы кешке жиналған халық арасында ине шаншар жер болмады. Мәдениет үйінде ұйымдастырылған шара «Пайғамбарлар падишасы» деп аталды. Алдымен, Құран оқылып, Алланың сүйген құлы Мұхаммед пайғамбарымызға  (салаллаху алейхиуа саллям) арналған  бейнефильм көрсетілді. Мәуліт оқылып, сахна майталмандары өмірлік мәні бар, сахналық қойылым көрсетті. Рухни кеште Қарағанды облысының өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожа және аймағымызға қарасты барлық имам, ұстаздар, Қарағанды облысының дін істері басқармасының өкілі қонақ болды. Қасиетті жиында Қарғанды облысының дін істері басқармасының басшысы  Бикенов Нұрлан Рахметуллаұлы сөз сөйлеп, барша мұсылманды мәуліт мерекесімен құттықтады. Кеш аясында, уағыз насихаттар айтылып, күмбірлі күй шертілсе, жыршы жандар домбыра шертіп терме айтты. Азулы ақындар арасында айтыс та ұйымдастырылды. Рухани кештен бір серпілген құрметті  қонақтардың құрметіне  дастархан жайылды. Кеш соңында ҚМДБ – ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожа рухани кешке келген қонақтарды мәуліт мерекесімен құттықтап, өзінің ыстық лебізін жеткізді. Сондай-ақ, айтулы кештің жоғары деңгейде өтуіне ат салысқан «Кеншілер» мәдениет сарайының басшысы  Жарулла Пазылұлы мырзаға Алғыс хат табыстады. Рухани кештен ерекше әсер алған мәдениет сарайының басшысы да осы орайда өзінің ізгі тілегі мен, кешке келген құрметті қонақтарға алғысын білдірді. Облыстың өкіл имамы Өмірзақ Қазкенұлы мырза   мәуліт кешіне арналған кіру билеттерінен түскен барлық қаражатты, аймағымыздағы көмеке мұқтаж, көп балалы төрт отбасына табыстады.  

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін