Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің ұйымдастыруымен «Ең бақытты әйел» атты рухани кеш болып өтті (фото)

Қазақ халқы: «Әйел күннің шуағынан жаралған» деп дәріптеген. Ата-бабамыз қашанда қыз балаға ерекше қараған. Ал, Исламдағыдай әйелді құрметтеген ешбір қоғам да, жүйе де жоқ.  Ислам дінінде әйелдің орны ерекше. Сондықтан әйелге деген құрмет зор болуы тиіс. Сондай-ақ, асыл дініміз әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырған.

Дәл осындай мақсатта, бүгін  ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожаның бастамасымен, Қарағанды облыстық «Әнет баба мешітінің ұйымдастыруымен «Vogue» мейрамханасында әйел- қыздар жамағатының құрметіне арнайы дастархан жайылып, «Ең бақытты әйел» атты рухани кеш болып өтті. Әрине, рухани кеш Құран оқумен бастау алды.

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ): 

«Кімнің үйінде қыз бар болса, ол үйге күн сайын көктен он екі береке түседі. Ол үйге періштелер тынбай (үздіксіз) келіп тұрады. Әрбір күн, әрбір түн сайын олар (сол қыздың) ата-анасына бір жылдық құлшылықпен тең сауап жазып отырады» [1], – деген.

 Ақ жаулықты аналар, асыл әжелер мен аяулы әпке-қарындастар жиналған бүгінгі рухани кеште нәзік жандылардың құрметіне арналып ән айтылып, күй де тартылды.

 Қыз – жайқалған гүл. Қалай баптасаң, сондай болып өседі. Қыздың бойында ұят, намыс, инабат, адамгершілік, ұяңдық болуы тиіс. Қазақ ықылым заманнан қыз баласын намысым, арым, ұятым деп қадірлеген. Осы орайда, аталмыш рухани кеште аймағымызға қарасты имамдар мен ұстаздар қатысып, исламдағы әйелдің орны мен дәрежесі жайлы уағыз-насихаттар мен  тәрбиелік тәлімі мол ғибратты дүниелер  айтты.

Исламда әйел адамға үлкен құрмет көрсетілген. Құран Кәрімде «Ниса» («Әйелдер»), «Мәриям» деп аталатын сүрелер тікелей әйелдерге арналған. Сондай-ақ, «Нұр», «Ахзаб», «Мұмтахина», «Тахрим», «Талақ» сүрелерінде де дініміздегі әйел адамның орны туралы кеңінен айтылған. Бұл – Ислам дінінің әйелдерге қаншалықты көңіл бөлгеніне дәлел. 

Құранда: «Әйелдер сендердің киімдерің, сендер әйелдеріңнің киімдерісіңдер» [14] - деп жұбайларды бір-бірінің денесін суықтан, ыстықтан қорғайтын, рухты түрлі зиянды нәрселерден қорғайтын киімге теңеген. Пайғамбарымыздың (ﷺ)  әйел затына ерекше көңіл бөлу керектігі туралы  хадистері өте көп. Солардың кейбіріне тоқталар болсақ:

«Мұсылмандардың ең жақсысы, әйеліне дұрыс қарағаны», «Әйелдерге жақсы мінезде болыңыздар»,-делінген.

 Кеш соңында айтулы шараның жоғары деңгейде өтуіне ат салысып, сүбелі үлес қосқан «Кәусар» өнер мектебіне және асыл дініміздің дамуына өзіндік қолдауын көрсетіп  жүрген Әбиба анамызға  облыстық «Әнет баба» мешітінің бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожаның атынан алғыс хат табысталды.

Баршамыздың жарық дүниеге әкелген аналарымыздың дәрежесі екі дүниеде де биік болсын!

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін