Қарағанды қайырымдылық керуені Арысқа жұртшылығына жеткізілді

Қайырымдылық пен жақсылық атаулы адам бойындағы жомарттық қасиеттен туындайды. Имани қасиеттердің бірі – Алланың ғана разылығын ойлап, өзгеден мақтау күтпестен, өзіндегі несібе ризықтан өзгелердің бақыты үшін жұмсай білу. Алла елшісі: «Жомарт – Аллаға, жәннатқа және халыққа жақын, жаһаннамнан алыс. Сараң – Алладан, жәннаттан және халықтан алыс, жаһаннамға жақын» дейді. (Тирмизи, Бирр, 40) Жомарттық – рухтың байлығы. Мұндай рухқа ие болған кісі ешкімнің мәжбүрлеуінсіз жақсылық жасауды үнемі көңілі қалап, жеке және қоғамдық өмірде қол ұшын беруге жетелейді. Осындай адамзат бойына нәр беретін игі қасиетті дана халқымыз «дархандық» деген ұғымға сыйдырған. Қандай кезең болмасын ел ішінде сынақ, ауыртпалық келгенде дархандық танытып, жылу жинап ауырталықты жеңілдетуге жігерленіп асыққан. Сол ізгі қасиеттерді бойында сақтап келе жатқан халқымыз ұлтқа-ұлысқа бөлінбей, кешегі Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайдың ауыртпалығын жеңілдетуге барынша ықыласпен көмектерін көрсетуде. Ел халықпен бірге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттер де дінбасымыз Серікбай қажы Ораз хазіреттің бастамасымен тиісті үлестерін ұйымдастырды. Осы мақсатта Қарағанды облысы бойынша мешіттер арқылы жиналған қайырымдылық көмектер (ақшалай, азық-түлік, тұрмыстық заттар) Арыс қаласындағы ағайынға жеткізілді. Өкіл имам Өмірзақ қажы Қазкенұлы жылу жинауға атсалысқан жалпы жамағатқа алғыс білдіріп, қайырымдылықтың екі дүниедегі сауабына тоқталып, қасиетті жұма күні сапарға сәттілік тілеп шығарып салған болатын. Қайырымдылық керуенін діттеген жеріне жеткізген Қарағанды облыстық мешітінің наиб имамы, «Жастар секторы» ісінің облыс бойынша меңгерушісі Нұржігіт Мұсабеков және «Зекет» корпоративтік қорының облыстағы өкілі Джаримбетов Мұхит Арыс халқымен жүздесіп, қаржылай және материалдық көмектерді тиісті орынға тапсырды. Жалпы көлемі он бес тонна азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестіріліп, он отбасына 40 мың теңгеден қаржылай көмек берілді.

 

 

Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің баспасөз қызметі          

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін