Аналар берекелі басқосуда Жаратқаннан тілек тіледі

ҚМДБ-ның төрт бағытының бірі - қайырымдылық бағыттағы іс-шараларды арттыру болып табылады. Қайырымды істер адам жанына жылу ұялатып, қоғамның өзара үндестігін арттырады. Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінде ақ жаулықты аналарға дастархан жайылып, берекелі басқосу өтті. Ақ дастархан басына мешіттің әйелдер жамағаты мен қарттар үйінің тұрғындары қатысты. Бас имам Қабылбек Әліпбайұлы қасиетті жұманың қарсаңында жиналған қауымға орнықты отбасының ұйытқысы болуды ұрпақ жадында жаңғырту мәселесі жайында ұлағатты насихат айтты. Отбасының тұтастығы мен берекелі болуы - мемлекетіміздің де беріктігін арттыруға қосатын үлесі мол. Халқымыз өзіне де, дүниеден озған кісілерге де әрдайым Жаратқаннан жарылқау тілеуді естен шығармаған. Осы отырыста мешіт жанындағы діни сауат ашу курсында тәлім алып жүрген аналарымыздың түсірген хатым Құран дұғасы бағышталды. Аналарға арнап мухаррам айының құрметіне бас имам сыйлықтар үлестірді. Кеңінен сұхбат өткізілген басқосуда аналар қауымы түрегеп тұрып Аллаға мадақ айтып, ел мен жерге тыныштық пен тұрақтылық тілеп   бас имамның қасиетті мекеннен әкелінген зәм-зәм суынан ішті, пайғамбар с.ғ.с өлкесінен жеткізілген құрмадан ауыз тиді. Жаратқан иеміз еліміздің ауызбірлік пен ынтымағын арттырып, аналарымыздың ақ тілегін қабыл етсін.

 

Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінің баспасөз қызметі

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін