«АСТАНА» МЕДРЕСЕ-КОЛЛЕДЖІНІҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ (ФОТО)

 

Бүгін Елордада «Астана» медресе-колледжінің жаңа ғимараты ашылды. Жаңа ғимараттың ашылуына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов, наиб мүфти Бауыржан қажы Әбдірашұлы, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, т.б. мүфтият қызметкерлері мен елордалық имамдар қатысты.

2007 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен ашылған «Астана» медресесі бүгінге таңға дейін сегіз рет түлектерін ұшырып, еліміздің діни кадр даярлау жұмысына үлкен үлес қосып келеді. Соңғы жылдары орыс тілі бөлімі іске қосылып, жаңа оқыту жүйесі қалыптасты.

Соңғы жылдары медресеге түсуге талап білдірген шәкірттер санының көбеюіне орай «Астана» медресе-колледжі жаңа оқу жылында жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Бүгін соның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Серікбай қажы Ораз қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының елдегі діни кадр даярлау ісінің бір жүйеге түскенін айтып, сырттан шақырылатын мамандарға зәрулік жоқ екенін жеткізді. Білім жолындағы шәкірттерге ақ батасын арнап, үздік оқуларына тілектестігін білдірді.

Елорда тарихындағы айрықша оқиғаға қала әкімі Алтай Көлгінов те өз тілеулестігін білдіріп, арнайы құттықтау лебізін жолдады. Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық даму басқармасының бөлім бастығы Нұрдәулет Әлмұқан салтанатты шара аясында жамағатқа шаһар басшысының құттықтауын оқып беріп, ҚМДБ басшылығы мен медресе ұжымына алғысын жеткізді.

Үш қабаттан тұратын жаңа ғимарат ішінде шәкірттер үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Демеуші азаматтардың қолдауымен барлық жатын бөлмелер мен оқу залдары, кітапхана мен дәріс бөлмелері, спорттық жаттығу залдары мен арнайы информатика кабинеті түгелдей жаңа жиһазбен жабдықталған. Сондай-ақ, медресе басшылығының ұйымдастыруымен шұғыл медициналық көмек көрсететін арнайы дәрігерлік бөлме де ашылды.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін