ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ: МҮФТИЯТТЫҢ CALL ОРТАЛЫҒЫН АШУ ҚАЖЕТ (ФОТО)

Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Орталық аппарат жиналысында мүфтияттың Call Орталығын ашу туралы мәселе талқыланды.

Осындай бастама көтерген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Бүгінде ҚМДБ шығарған пәтуалар мен бекіткен құжаттар қоғамда маңызды рөлге айналуда. «Бұған мүфтият қандай пәтуа берер екен?» деген пікірлер жиі айтылады. Діни басқарманың қоғам алдындағы беделі мен жауапкершілігін ескеріп, мүфтият жанынан Call Орталық ашуымыз керек. Бұл бастама халық пен Діни басқарма арасында алтын көпір бола алады» деп атап өтті.

Айта кетсек, ҚМДБ Орталық аппарат жиналысында шариғат және пәтуа мәселесіне қатысты жамағат тарапынан жиі қойылатын сұрақтардың жауабы топтастырылған кітап шығару, РАНТ және ЖАНТ мүшелеріне оқу-әдістемелік құрал дайындау, жұма уағызы кітабын әзірлеу, жастарға, қыз-келіншектерге танымдық еңбектер әзірлеу, имамдардың біліктілігін арттыру мақсатында арнайы білім сайысын өткізу, мешіт жанындағы сауат ашу курсының оқу бағдарламасын жетілдіру, т.б. мәселелер талқыланды. 

Мәжіліске ҚМДБ Төрағасы орынбасары Ершат Ағыбайұлы, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, сонымен қатар бөлім меңгерушілері мен мамандар қатысты.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін