«Иманғали» мешітінің amin.kz сайты іске қосылды (ФОТО)

Атырауда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілдігі, «Иманғали» орталық мешітінің amin.kz ресми сайтының таныстырылымы өтті.

Атырау қаласына қарасты мешіт имамдары, блогерлердің қатысуымен өткен шарада Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы ақпараттық, танымдық бағыттағы рухани сайттың ерекшеліктерімен таныстырып өтті.

«Басты ерекшелік – сайт түрлі айдарларды жинақтап отыр. Бас мүфти бағаны, бас имам бағаны, жаңалықтар, мақалалар, сұхбаттар, ғибратты әңгімелер, сұрақ-жауап бөлімімен бірге, «Онлайн дәрістер» жобасы іске қосылып отыр. Бұл айдарда білікті мамандардың тәпсір тақырыбы бойынша сабақтары мақала түрінде беріліп отырады. Яғни, бұл – сайт арқылы тұрақты сабақ алуға мүмкіндік бар деген сөз.

Фотогалерея айдарында мешіт, өңіріміздің рухани өмірінен фотосюжеттер беріліп отырса, видеогалерея негізінен Хикмет.тв арнасының және орталық «Иманғали» мешітінің бейнеөнімдерімен жаңартылып тұрады.

Біздің мақсатымыз – дінге қызығушылық танытқан интернет қолданушыларын мейілінше шынайы, сапалы ақпарат көзімен қамтамасыз ету», – дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Бас имам өз сөзінде жаһандану дәуірінде ақпараттық кеңістіктің мәні зор екендігін атап өтті.

Тағы бір ерекшелігі, сайт тәулігіне 24 сағат жаңартылып тұрады. Әрі сайтта дін мен дәстүр сабақтастығы айқын көрініс тауып отыр. Сондай-ақ ұған дейін мешіт жаңалықтары жарияланып келген «islam-atyrau.kz» сайтының домені енді жабылды.

Дереккөз: Атырау облыстық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін