Көрісу – наурыздың бастауы

Жақында «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институтының сарапшылары Наурыз мерекесін өткізудің жаңа тәсілдерін ұсынды. Сарапшылар 14 наурыз – Көрісу күні; 15 наурыз – Шежіре күні; 16 наурыз – Жайлау күні; 17 наурыз – Дархандық күні; 18 наурыз – Шымырлық пен шеберлік күні; 19 наурыз – Зияткерлік күні; 20 наурыз – Жоралғы күні; 21 наурыз – Ұлттық тағамдар күні; 22 наурыз – Бұқара күні деп белгілеу керектігін алға тартты. Ал ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ғабидулла Оспанқұлов әрбір ұсынысты қарастыруға уәде берді. Еліміздің батыс өңірі Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында Наурыз мерекесі айдың 14-і күнінен басталып жүр. Бұл «Көрісу» күні кей жерлерде «Амал мерекесі» деп аталып жатады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жан-жақты зерттеу еңбегінде «сегіз күндік Наурызнама өтетінін» жазып қалдырған екен. Демек  наурыз  ұлтымыздың тамырымен тамырлас мереке екендігіне дау жоқ.   Ертеде қазақ халқы бұл күнді «Наурыз» демей, «Амал» деп атаған. Еліміздің көп өңірлерінде аталмыш күннің тойлануы өткен күннен бір белгі болса керек. Биыл елімізде «Көрісу күні» 14 наурызда аталып өтілетін-ді. Өкінішке орай, дүниенің түкпір-түкпірінде тарап жатқан індетке байланысты мерекелер мен жоспарланған іс-шаралар өткізілмейтін болды. Короновирустың алдын алу шараларына қатысты ҚМДБ да үндеу жариялады: «Бүгінде әлем жұртшылығын дүрліктірген коронавирус көптеген елдерге тарап үлгерді. Вирусты жұқтырған адам саны артуда. Бұл дерт бізді де алаңдатып отыр. Сол себепті, әр адам өз отбасына, ұжымына, туған-туыстарына жауапты тұлға болғандықтан, әрқашан сақтық шараларын жасауы тиіс. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) : «Өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды», — деген. Ал халқымызда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақыл бар. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы барша мұсылман қауымын көпшілікпен өтетін ас-садақа мен жиындарды, іс-шараларды мүмкіндігінше кейінге шегеруге шақырады» делінген. Әр істің соңында қайыр бар екендігі анық. Бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деген ниеттеміз. Бірлік пен бақыт, ынтымақ қымбат! Баласы мен әкесі теңіздің жағасына серуендеуге шығады: — Әкешім, мына жердегі не нәрселер? — Майда тастар ғой, балам. Бала басын оңға бұрып: — Ал, мыналар ше? — Олар да сондай, балам. Сол жағына қарап: — Ал, мыналар ше? — Барлығы да сондай тастар ғой. — Әке, бұлар неткен көп. — Иә, балам, олар теңіздің жағасында көп болады. — Жарайды, әке. Дүниеде бұдан да көп нәрсе бар ма?Ол не? — Әкеңнің күнәлары. — Әке, сенің күнәларыңнан да көп нәрсе бар ма? — Бар, балам. — Ол не? — Алланың мейірімі, балам. Иә, Алланың мейірімін сәт сайын сезінуге болады. Адамдар арасында мейірім кең таралу үшін бауырластық, сыйластық, бәрі, бәрі де керек. Шынын айту керек, адамдарды қуантуға, мейірім танытып, жақсылық жасауға әлдебір себеп іздеп үйреніп қалдық. Болмаса, қазақ халқын өзге халықтан ерекшелеп тұратын қасиеттің бірі бауырмашылдық болатын. Жеті атаға дейін қыз алыспай, қан тазалығын сақтап, бір-бірін туыс-бауыр тұтқан халқымыз жатқа да жанашырлық таныта білген. Көмекке мұқтаж адамға көмектесуді қасиетті борышы санап,  адамгершілікті ардақтады. Соның нәтижесінде ашаршылық пен соғыс кезінде де ел ішінде бірлік, ықылас сақталды. Қазақ көршісі мен ағайынның ақысын ажырата білді. Бір нанды бөліп жеді. «Өзі тоқ болып, көршісі аш болған бізден емес» деген пайғамбар хадисі жүрегіне иман, амалына тіреу болып бекіді. Көңілі дархан дана халқымыз ынтымақ бірлікті өзінің бас пайдасынан биік қойған. Сол себепті де «Байлық байлық емес, бірлік байлық» екендігін терең түсінді. «Ынтымақсыз елді ұрысы билейді, ынтымақты елді дұрысы билейді» деген мәтелге мән берді. Алла Тағала «Хужурат» сүресінің 10-аятында: «Шындығында, мүминдер – бауырлар» деп баяндайды. Әбу Сағыд әл-Худриден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Мүминдердің ішіндегі иманы толығы ең жақсы мінез-құлықты, кішіпейіл, тез достасқыш тартымдылары». Бізге бауырмалшылдық қасиет жетіспейді Бір күні хазіреті Мәулана шәкірттерімен бірге кетіп бара жатады. Сол кезде жолдың жиегінде бір топ иттің бір-біріне еркелеп, ойнап жүрегін көреді. Мұны көрген шәкірттерінің бірі былай дейді: — Қандай тамаша көрініс! Бауырмалшылдарын қарашы. Шіркін, адамдар да осыдан ғибрат алса ғой. Сонда Мәулана бұған былай жауап береді: — Олардың бауырмашылығын ортасына сүйек тастағанда көресің! Қарап отырсаңыз, мейірім мақұлықта да бар, жануарда да бар. Кейде бір адамдар болмайтын істе дауласып, кейін бір-бірімен жауласып жатады. Сондайда ақыл иесінің ақымақ әрекетіне қарап, ойға қаласың. Бауырластық қайда? Мейірім қайда? Мұхаммед пайғамбар бір хадисінде: «Мүмін адам достасқыш. Достаспайтын, тіл табыспайтын жаннан қайыр жоқ» деген. Пайғамбар кімді меңзеді? Жүрегі шемен тас болып қатып қалған адамды айтты.  Әсіресе, қандай да бір мереке қарсаңында әлеуметтік желілерде парықсыз пайым мен талқылудан көз сүрінеді. Соның бірі наурыз мерекені төңірегіндегі ойлар: бұл отқа табынушылық, шаманизмнің сарқыншағы, Аллаға серік қосу сынды ойлар сау адамның өзін есеңгіретіп тастайды. Мұның бәрі білімсіздіктен. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы: «Кез-келген салт немесе дәстүр халықтың діни ұстанымдарына қарай бейімделеді. Наурыздың қазіргі бет-бейнесі біздің салтымыз бен діни құндылықтарымызға әбден сіңіскен деуге болады. Бүгінде наурыз мейрамы діни ерекшеліктерін жоғалтып, отқа табынушылық дінінің элементтерінен ада, халық арасында тек дәстүр ретінде қалыптасқан. Оған дәлел мұсылман тіршілігіне қатысты сан алуан салалардағы іс-әрекеттердің заңдылық сипатын анықтайтын фиқһ ілімінің негіздерінде «Әдет-ғұрып – төреші», яғни нақтылы дәлелдер келмеген кейбір мәселелерде адамдар арасында қалыптасқан әдет-ғұрыпқа жүгініп, солардың негізінде үкім шығарылады деген заңнамалық қағида». Қазақтың аса көрнекті ақыны Мұзафар Әлімбаевтың «Наурыз батасында»: «Жарасып көңіл хоштығы, Бекісін халық достығы. Ішінде жүрсе аз ғана, Шайылсын өкпе, наз-нала. Алдыға сыймай сәбилер, Құшағын жайсын жаңа үйлер. Жастардың самсап отауы, Мейірім төксін Отаны. Әспеттеп ата дәстүрін, Әсем боп өссін жас буын. Кірбің тартпасын кәрілер, Барыңның дәмді нәрін бер!» деп айтылады. Тобықтай түйін: Дәл қазіргі таңда өскелең ұрпақты ұлтынан ажыратпау, санасына жақсылықтың дәнін егу – бәріміздің міндетіміз. Мейлі ол көрісу күні болсын, наурыз мерекесі болсын, қандай да бір діни, ұлттық, мемлекеттік мерекенің өзіндік тәрбиесі болатыны сөзсіз. Мұндай мерекелерді атап өту арқылы ұлттың бойында ізгілік, Отанға деген құрмет, елге, жерге деген сүйіспеншілік қалыптасады. Тек ағайын-туған арасында ғана емес, қоғамда кеңінен насихаттауымыз керек. Ел ішінде сыйластық, береке болса, елімізде тыныштық орнайды. Халық ашкөздіктен арылып, руханиятқа ұмтылады. Үлкенін сыйлаған елдің көріктілері мен бөріктілері ізетті болады. Мақала барысында Алланың мейірімі және мұсылмандар арасындағы бірлік туралы бекер сөз қозғаған жоқпыз. Мұның бәрі насихат әрі ғибрат болмақ. Көнекөз қариялар «Баталы құл арымас» деп текке айтпаған. Көптің тілеуі көп болса, көңіл де тоқ. Сондықтан біздегі санаулы салт-дәстүрді сақтап, жоғалтпау – ұлтты сақтаумен тең. Діні, ділі, тілі бар елдің ертеңі кемел. Бәрімізде «Дінім – дәстүрім, салтым – санам» дейтін түсінік болса, ұлттың ұлы көші түзеледі. Мерекелеріміздің мәні жоғалмасын, ағайын!  Елдігіміз еркіндікке, азаттығымыз айқын армандарға жол салсын! Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ,

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін