Қайырымдылық жасалған жерде жақсылық мол

Қарағанды облысында төтенше жағдай жарияланған күннен бастап, Бас имам Өмірзақ қажы Қазкенұлының ұтымды ұйымдастыруымен мешіттер тарапынан қайырымдылық бағыттағы іс-шаралар жүйелі түрде қолға алынған болатын.  Қала мешіттері мен облыстық "Зекет" қоры, "Ана-Мама" қоғамдық қоры бірлесіп бүгінгі күнге дейін 1150-ден астам отбасына азық-түлік таратылды. Сонымен қатар, жедел жәрдем орталықтарына, жалғызбасты зейнеткерлер мен әлеуметтік аз қамтылған жанұяларға жалпы саны 1900 адамға ыстық тағамдар үлестірілді. "Біз біргеміз" бағытында "Жүрек жылуы" атауымен атқарылып отырған игі істер, алдағы күндері де жалғасады. Құран Кәрімде: «Игі жолда не сарп етсеңдер де, сауабы өздеріңе толық беріледі...» делінген. (Бақара сүресі, 272 аят)

         "-Осындай бір-бірімізді барынша қолдау мен демеу мақсатында, бірлігімізді іспен айқындайтын мезгілде айналамызға байыппен қарап,  көмек қажет ететін отбасыларға азық-түлік таратып отырмыз. Бұл бағытта «Зекет» қоры өңір мешіттерімен, қайырымдылық қорлармен бірлесіп, кешенді шаралар атқарып жатыр. Мұқтаж отбасыларға қол ұшын беру – дінімізде аса сауапты амалдардың бірі. Облысқа қарасты қала, аудан мешіттері де өз аймақтарында осы негіздегі жұмыстарды белсенді жасауда. Азық-түлікпен қатар еріктілер тобының атсалысуымен 2150 дана бетперде тегін таратылып, елордамызға 300 данасы жолданды. Еріктілер тобына "Жастар ісі" секторының құрамы қосылған. Сонымен қатар, рамазан айының қарсаңында ораза мен зекеттің маңызы жайында мың дана кітапша жасатып, халыққа таратылып түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Қайырымдылық жасалған жерде жақсылық мол болады" деп, атап өтті Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы.

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін