ҚАРАҒАНДЫ: «Жастар ісі» секторы және «Зекет» қоры рухани келісім күніне орай қайырмдылық шарасын жүзеге асырды (фото)

Ислам діні татулық пен мейірімділікке шақырады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) исламның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында өте сабырлылықпен әрекет етті. Қоғамның ынтымағы мен бірлігі, дін исламның өркендеуі үшін жасаған қызметтері, расында да, үлкен жетістікке жеткізді. Ұлтымыз бен діни сенімге қарамастан барлығымызды біріктіретін осы күн — қоғамдағы тұрақтылық пен келісім күні. Сондықтан да бірлік пен қайырымдылық, жақсылық пен гүлдену мерекесі ретінде атап өтіледі.

Бүгін ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша «Жастар ісі» секторының жауапты өкілі Мұсабеков Нұржігіт Оразалыұлының және "Зекет" қорының Қарағанды облысы бойынша жауапты өкілі Джаримбетов Мұхиттың ұйымдастыруымен жергілікті «Хоспис» қарттар үйінде қайырымдылық шарасы жүзеге асты. Игі шара Рухани келісім күнінің құрметіне орай облыс бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының тапсырмасымен бастау алды. Шара барысында науқастарға сыйлықтар мен керек-жарақ заттар үлестіріліп, мекеме қызметкерлеріне табыс етілді. Қазіргі санитарлық талаптарға байланысты науқас жандармен жылдағыдай жылы жүздесулер мен әдемі әңгіме ұйымдастыру мүмкін болмады. Рухани келісім күніне орай ұйымдастырылған шараға өзге де дін өкілдері ат салысып, үлес қосты.

Бұл халық пен елдің, өзге діндер мен ұлттардың бөлінбей, керісінше бірге, тату болып отырғандығының көрінісі.

Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуына себеп болады. Осы байлығымызды қадірлей білу, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – еліміздің жарқын болашағының кепілі болмақ.

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін