Ихсан – пенденің иманын бекемдеп, құлшылыққа деген құлшынысын арттыратын, адамгершілікке тән игі қасиеттерді кемелдендіре түсетін рухани ілім. Құдіреті күшті Хақ Тағала Құран Кәрімде ерекше мән берген құндылықтың бірегейі де осы – ихсан ілімі. Қасиетті Құранда: «Негізінде Алла әділдікті, игілікті (ихсанды) және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды. Түсінерсіңдер деп сендерге (осылайша) насихат береді» («Нахл» сүресі, 90-аят) деп баяндалған. Жаратушы иеміз күллі жаратылысты ешқандай ақаусыз, кемшіліксіз жаратты. Барша жаратылыс иесі ең әдемі, ең көркем бейнеде жаратылған. Осыдан-ақ адам баласы ғибрат алып, түсінуі қажет. Егер адам баласы ихсан ілімінің шынайы болмысын түсінсе, рухани құндылығы артып, иман байлығына күмәнсіз жетер еді. Осы ихсан іліміне байланысты Жезқазған қаласының «Ахмет Ишан Оразайұлы» мешітінің имамы Бейсембаев Дархан жамағатқа арнайы дәріс жүргізді. Сондай – ақ Отанға деген сүйіспеншілік, қызметке деген адалдық, ағайынға деген сыйластық, жаманшылықтан бой алыстатып, жақсыларға жақын жүрудің бәрі осы ихсан ілімінен екенін әркез естен шығармау абзал екенін айтып өтті.
ihsan.kz
Пікірлер