Мұсылман адам болған соң әрбіріміздің көздегеніміз – ақырет қамы, о дүниедегі мәңгілік бақытқа жету болатыны белгілі. Сондықтан да, мұсылман адам ылғи бір орында тұрмай, жаңа нәрселерді үйреніп, сауап алу үшін ақыреттік ілімін арттыруы қажет. Иман байлығымызды күшейтіп, сауапты амалдарымызды көбейту үшін білуіміз қажет болған маңызды ұғымдардың бірі – Исар. Әз Пайғамбарымыздан (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хадис-шарифте былай айтылады: «Кімде-кім өзіне қалағанды мұсылман бауырына да қаламайынша толық иман еткен болмайды». Хадистің мағынасы біз өзіміз армандаған барша жақсылық, игіліктерді өзге адамдарға да тілеп, барынша жақсылық жасау дегенге саяды. Ең алдымен өзінің пайдасын емес, діндес бауырының игілігін өзінен де артық көріп жақсылық жасау – исар деп аталады. Өзіне қажет бола тұра, өзгенің қажетін өтеуге ұмтылу – исар,жомарттықтың шыңы, ең үлкен адамгершілік қасиет болып саналады. Дана халқымызда «Кең болсаң, кем болмайсың» деген нақыл сөзі де осы исар жасаудың мағынасын аша түскендей. Алланың сөзі қасиетті Құранда исар жасаушылар туралы: «Олардың көңілдерінде мүміндерге бергендерінде кірбің болмайды. Сондай-ақ, өздері таршылық пен мұқтаждықта бола тұра, оларды өздерінен артық көреді» - деп жақсы сипатта баяндаған. Исар жасаудың ең көркем үлгілерін Пайғамбарымыздан (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) және саңлақ сахабаларымыздан, ансарлардан көре аламыз. Пайғамбарымыздан (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір әйел намазға киетін киім сұрап, қызын жібергенде Алла Елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) артық киімі болмаса да өз киімін шешіп беріп, жанашырлық жасағаны риуаяттарда айтылады. Тағы бір оқиғаларда Пайғамбарымызбен (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оның сахабалары хижрет жасап, Меккеден Мадинаға көшіп барғанда Мадиналық ансарлар өз тұратын жерлерін, өз азықтарын діндес бауырларына бөліп беріп, аса жомарттық танытты. Өзі мұқтаж бола тұра өзгеге көмектесу (Исар) – әдеп-ахлақтың ең көркем бейнесі. Сондай-ақ оның сауабы да үлкен болары сөзсіз. Бұл туралы Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде «Инсан» сүресінің 8-11-аяттарында былай деп баяндайды: «Біз сендерге тек Аллаһ тағаланың разылығы үшін ғана беріп отырмыз, сендерден осының қарымын күтпейміз, осы үшін алғыс айтылғанын да қаламаймыз. Біз (қайғыдан) адамдардың қабағы қарс түйілетін сол бір күндегі Раббымыздың азабынан қорқамыз». Аллаһ тағала оларды сол бір күннің азабынан қорғайды, олардың жүздеріне нұр, көңілдеріне кеңдік береді». Міне, Алланың разылығы үшін исар жасаудың нәтижесінде қиямет күннің азабынан қорғалатынымызды жеткізетін бұл аят – баршамызды жомарттыққа жетелейді. Алла Тағаланың: «Өмірінде бір рет исар еткен адамнан және исаршы мінезімен маған қауышқан адамнан есеп сұрауға ұяламын» деген сөзі бар. Жоғарыда айтылған бірнеше мысалдардың өзі исардың дәрежесін және исар жасаушының дәрежесінің қияметте қаншалықты болатынын барынша ашып жеткізгендей. Бұл өмір жалған әрі өткінші. Қысқа ғана ғұмырда «өзім, өзім» деп қана күн кешіп, дүниеге алданбай, барымызбен бөлісіп, Алланың разылығын іздеп өтсек – мәңгілік бақытқа жетуіміз айдан анық. Бұл біздің ең үлкен жеңісіміз болмақ. Алла тағала баршамызды мәңгілік бақытқа жеткізіп, көңіл көзімізді ашып, осы өмірде сауапты амалдарды көптеп жасауымызды нәсіп етсін!
Қаражал қалалық мешітінің бас имамы Советов Талғат
ihsan.kz
Пікірлер