Тілдік нұсқа
Радио

Жаңалықтар

Үміт пен үрей
23 қыркүйек, 2021 жыл 314 Басып шығару нұсқасы

«Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады»

Бауыржан Момышұлы

 

Аллаға  иман   келтірген әрбір  мүмін  пенде үміт пен үрей арасында өмір сүруі тиіс.  Үміт пен үрей құстың қос қанатындай бірге қағуы керек.

Үмітсіздік адамды күйзеліске ұрындырып, келешегін тұмшалайтыны анық. Иман келтірген жан әрқашан келешекке үмітпен қарайды.  Үміт ету жайында Алла Тағала Құранда: «Раббыңның рақымдылығынан адасушылардан басқа кім үміт үзеді?», (Хижр, 56) – дейді. Яғни, мұсылман пенде қандай жағдай болсада  өзін жоқтан бар еткен Раббысынан күдер үзбеуі керек. Өйткені, Алла тағала ізгі құлдарын былай сипаттайды: «Олар Оның мейірімінен үміт етеді әрі азабынан қорқады»(Исра, 57).  

Алланың күнәһар пенделері шын көңілмен кешірім сұраса, тәубе етсе кешіретіндігі жайлы Алла елшісі (Оған Алланың игілігі және сәлемі болсын) өз хадистерінде айтып кеткен. Адам баласы қаншалықты күнәһар болса да, ешқашан Алладан үмітін үзбеу керек. Өйткені, Алла Тағаланың өзі  мына бір аятта:  «(Ей Мұхаммед) Былай де: «Ей, шектен тыс күнә жасап, өздеріне зиян келтірген құлдарым!  Алланың  рақымдылығынан  үміттеріңді үзбеңдер. Алла күнәлардың барлығын кешіреді. Күмәнсіз, Ол тым жарылқаушы әрі өте мейірімді»(Зумәр, 53) – деп, бізге бұйыру арқылы үмітсіздікке бой алдыруымызға тыйым салып тұр.  

  Адам әр күні үміттеніп тұрып, үміттеніп ұйықтауы керек. Үмітпен тыныстаған адам, үмітпен алға жылжиды.  Себебі үміттің табиғаттағы, тіршіліктегі басты тапсырмасы – ең соңғы дем қалғанша күресе беру. Үміттің күші, жігері таусылмайды. Адам таусылып біткен  күннің өзінде,  үміт талаптанып тұрады.

Алланың рақымына  жеңіл-желпі қарап, құлшылық жасамай, күнәға белшеден бата беруге болмайды.  Үміт пен үрейді тең ұстаған пенделерге Алланың жәрдемі мен разылығы жақын. Хазірет Айша анамыз (р.а.): – Уа, Расулаллаһ! «Раббыларына оралатындықтарына сенгендіктен жүректерін қорқыныш-үрей билеп, мал-мүліктерін Алла жолында жұмсағандар» (Муминун, 60) - деген аят кімдерді меңзейді?  Арақ ішіп, зина, ұрлық жасағандарға ма? – деп сұрағанда, оның мәнісін Пайғамбарымыз: «Жоқ, бұл ораза ұстап, намаз оқып, садақа және зекет бергендер, бірақ соған қарамастан «бұл жасағандарымызды Ол қабыл етеді ме, жоқ, қабылдамай тастайды ма», деп қорыққандар жайлы» деп түсіндірген. Үрей адамның нәпсіқұмарлығын тежеп, шәһуатты сезімдерін тыяды. Айша анамыздың (р.а.) жеткізген бір хадисінде «Ауа райы демде құбылып, жел соға бастаған кезде Алла елшісінің реңі өзгеріп, бір орнында байыз таппай ерсілі-қарсылы адымдап, үйге бір кіріп, бір шығыпты.  Айша анамыз: «Уа, Алланың елшісі, жұрт күн бұлттанғанда жаңбыр жауар ма екен деп үміттеніп қуанушы еді, алайда, сіздің қобалжығаныңызды жүзіңізден байқаймын, бұның себебі неде?» дейді.  Сонда Пайғамбарымыз: «О, Айша! Ол бұлтта азаптың жоқ екеніне кім кепілдік бере алады? Алайда, ертедегі бір халық осы желмен азапқа душар болған-ды.  Ол қауым азап келместен бұрын «бұл жел бізге жаңбыр әкеледі» деген болатын» дейді. Оның бұл халі Алланың адамдарға жіберетін азабынан қорыққандығынан еді. Көзі тірісінде жаннатпен сүйіншіленген сахабалардың өздері Хақ Тағаланың рақымдылығына масайрап кетпей, «ақиретте жағдайымыз қалай болар екен?» деген үрейленіп, көп сауапты амалдар жасағаны біздерге мәлім. Қорқу мен үміттің тепе-теңдігін сақтай білу аса маңызды. Егер жүректе Аллаһтың азабын елемейтін паңдық сезім басым болса оны қорқынышпен, егер Аллаһтың рақымы мен мейіріміне деген үмітсіздік басым тұрса, оны иләһи үмітпен емдеу керек. Адамды ажал жастығына бас қойғанға дейін қорқыныш пен үрей билеп, ал өлім төсегінде үміт пен жақсы ой үстем болуы керек. Өйткені, алдыңғы қорқыныш сезімі адамды жақсы амал жасауға жетелейді. Ал өлім аузында жатқанда амал жасау мүмкіндігі қалмайды. Қорқыныш ырық бермей кеткен бұл сәтте үміт жүрекке қуат береді де пенденің Аллаһ Тағаламен байланысы арта түседі. Сол себепті өлім төсегінде жатқан адамдарға жүрегіне үміт сыйлар жақсы сөздер айтылады, Аллаһтың шексіз рақымы мен мейірімі еске түсіріледі. Пайғамбарымыз бұл жайлы: «Көз жұмарда міндетті түрде Аллаһ жайлы жақсы ойда болып жан тапсырыңдар»,- деген. (Муслим, Жабирден риуаят еткен, Ғазали, Ихя,4/1, 264 б.) Бұл хадисті Аллаһ Тағаланың шынайы құлдары өле-өлгенше өміріне арқау еткен.

     «Алла Тағаланың алдында ең ардақтыларың – Одан ең көп қорыққандарың» (Хужурат, 13) делінеді. Алладан ғана қорқу пендені одан тыс жоқтан өзгеден қорқудан арылтады.   Әділ халифа хазірет Омар: «Бір адамның жаннатқа, қалғандарының тозаққа кететінін білсем, жаннаттық адам мен емес пе екем деп үміттенемін. Бір адамның тозаққа, қалғандарының тегіс жұмаққа баратынын білсем, тозақтық сол адам тағы да мен емес пе екем деп қорқамын» деген сыры терең, сыны биік сөздері барлығымызға ой салса керек. Үрей жамандықтан тыйып, жақсылыққа жетелейді. Егер жамандықтан тыймаса, оны қорқынышқа жатқызуға болмайды.  Алайда, қорқуда да теңдікті сақтай білген абзал.    Адамды жақсылық жасауға жетелейтін қорқыныш – нағыз қорқыныш.

  Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде: «...Егер менің білгендерімді білсеңдер аз күліп, көп жылар едіңдер...»,-дейді.  Жаратушы Алла барша мүміндердің жасаған қате-кемшіліктерін кешіріп, барша ізгі амалдарда күш қуат беріп, Өзі жар болғай!

 

 

 

Әнуарбеков Мейіржан

«Ахмет Ишан Оразайұлы» атындағы

мешіттің наиб имамы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары