Бүгін аудан әкімінің орынбасары М.Жұмкин ауданымызға арнайы келген Қарағанды облысы “Әнет баба” мешітінің наиб имамы Құмар Қоныскерей мен аталмыш мешіттің ұстазы Әділмұрат Нұрболды қабылдады.
Қабылдауда “Әнет баба” мешітінің наиб имамы ауданның имамы Берік Алпысбайұлының денсаулығына байланысты өз өтінішімен бас имамдық қызметінен босатылғанын айтып, бас имам болып жаңа тағайындалған Ерлан Түсіпбековті таныстырды.
Аудан әкімінің орынбасары ауданымыздағы діни ахуалдың тұрақтылығын, мешіт тарапынан атқарылып жатқан жұмыс-тарға тоқталып, Берік қажы Алпысбайұлының осы салада жиырма жыл, оның 11 жылын бас имамдық қызметінде жүріп атқарған еңбектеріне лайықты бағасын беріп, алғыс айтты. Мұнан соң қазақы дәстүрмен шапан жауып, аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті. Сондай-ақ, жаңа тағайындалған бас имам Ерлан Түсіпбековке жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Өз кезегінде Берік қажы Алпысбайұлы бас имам болып еңбек еткен жылдары аудан әкімдігі тарапынан мешітке жасаған көмектері мен қолдау-ларға ризашылығын білдіріп, жамағатпен бірге болатынын, жаңа тағайындалған бас имам-ға өз тәжірибесімен бөлісіп, қолдау көрсететінін жеткізді.
Ерлан Түсіпбеков 2012 жылы Астана медресесін бітірген. 2012-2017 жылдары “Бала қажы” мешітінің наиб имамы, 2017-2019 жылдары Бұқар жырау ауданы Доскей ауылы “Тәшмолла” мешітінде наиб имам, кейін осы мешітте 2021 жылға дейін бас имам, Шет ауданына бас имам болып тағайындалғанға дейін Қарағанды қаласындағы “Әл Машани” мешітінің наиб имамы қызметін атқарған. Үйленген 4 баласы бар.
Мұнан соң, “Әнет баба” мешітінің наиб имамы Құмар Қоныскерей мен аталмыш мешіттің ұстазы Әділмұрат Нұрбол аудан орталығындағы агротехникалық колледжде жастармен кездесу өткізді.
Шежірелі өлкеміздегі іргелі білім ордасы агротехникалық колледж қабырғасында өткен келелі кездесуде облыстық мешіт қызметкерлері студент жастарға тәлім-тағылымға толы ата-ананың перзент алдындағы беделі мен білім алуға, ізгілікке, адамгершілікке шақырған уағыз насихаттарымен бөлісті. “Айтушысы білімді болса, тыңдаушысы ұғымды болар” - дегендей, ұлтымыздың ұлық перзенттері Абай мен Шәкәрім шығармалары, халық ауыз әдебиеті мен байырғы билердің байыпты сөз, мәйекті мысалдары арқылы айтылған уағыз өте пайдалы болғандығы сағаттан астам уақыт тапжылмай жастардың ұйып тыңдауынан-ақ көрініп тұрды. Шараға студент- тер белсенді қатысып, көкейлерінде жүрген сауалдарының жауабын алып, арнайы келіп уақыт бөлген ұстаздарға шынайы ризашылықтарын жеткізді. Дін мен дәстүрді бойына қатар сіңіріп, қазақы мақал-мәтелдер мен ғибратты сөздерді уағыз насихаттарына арқау еткен дін мамандарының мұндай кездесулері оқу ордаларында өтуі - жастардың имандылыққа, жақсылыққа ұмтылуы мен зиянды әдеттерден аулақ болуға даңғыл жол салары сөзсіз.
ihsan.kz
Пікірлер