Тілдік нұсқа
Радио

Жаңалықтар

Білім іздену
24 наурыз, 2022 жыл 209 Басып шығару нұсқасы

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын.

طَلَبُ العِلْمِ فَرِيْضَةٌ عَلَىْ كُلِّ مُسْلِمٍ

"Ілім талап ету әр мұсылман ер мен әйелге парыз" (Хадис-шәриф)

 

    «Ілім іздену тал бесіктен жер бесікке дейін»,- деген сөзді өмірлік қағидаға айналдырған бабаларымыз балаларын жастайынан білім алуға үгіттеген. Бабаларымыздың өмірбаянын оқыған кезде мейлі ақын-жазушы болсын, мейлі батыр болсын "Жастайынан ауыл молдасынан білім алған", "Пәленше деген молдадан сауат ашып, хат таныған", "Пәленше деген медресенің түлегі" деген ақпаратты кездестіру тіптен оңай. Бұның барлығы кезіндегі қазақ жұртшылығы әу бастан-ақ білім алуды адам өмірінің маңызды бөлігі деп санағанына дәлел.

 

    Алла Тағала қасиетті құранда: "Жындар мен адамдарды Өзіме құлшылық етулері үшін жараттым" деген (Зәрият сүресі, 56-аят). Әйгілі ғалым-сахаба Абдулла ибн Аббас (оған Алла разы болсын) бұл аятты "Алланы танып-білуі үшін жаратты" деп тәпсірлеген. Яғни адамдар мен жындардың бұл өмірдегі негізгі мақсаты Алланың берген ілімі мен Оны танып, Оған бойұсыну болып табылады. Дінімізде білім алудың сауабы нәпіл ғибадаттың сауабынан да жоғары қояды. Ал Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) білім талап ету үшін жолға шыққан адамның артықшылығы жайлы: "Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оған жәннәтқа апарар жолды жеңілдетеді. Расында, періштелер міндетті түрде білім ізденушіге разы болғанын білдіріп, қанаттарын жаяды. Шын мәнінде ғалымдар үшін міндетті түрде аспан мен жердегі бүкіл нәрсе, тіпті судағы балық та Алладан оның күнәларының кешірілуін тілейді" деген (Тирмизи). Сонымен қатар ғалымдарымыз Адам ілім үйрену үшін қаншалықты үйінен алшақтаса, соғұрлым Аллаға жақын болатынын айтқан.

 

    Ғалымның өлімі - ғаламның өлімі. Жер бетінде ғалымдардың азаюы қияметтің белгілерінен. Адамзатты қараңғы тастүнектен жарыққа шығаратын тек қана білім. Тіпті Алланың кәләмі болған құранның ең алғашқы аяты да "Оқы! Раббыңның атымен оқы!" деп түскен (Әләқ сүресі 1-аят). Ілім үйрену мұсылман адамның өміріне байланып, өмір сүру үшін қажетті болған құндылықтардың біріне айналуы тиіс. Адам су мен ауаға қаншалықты мұқтаж болса, білімге деген мұқтаждығы да дәл сондай. Себебі білім әр заттың бастауы. Білімсіз амал еткен адам дініміздегі қауіпті адамдардан. Себебі ол не үшін, кім үшін  және амал етудің дұрыс жолын білмегендіктен амалы пайда бермеуі әбден мүмкін.  Ал пайдасыз затпен шұғылдану уақытты босқа өлтіруге алып келеді.

   

Амал тек білімнен кейін болуы керек. Айналамыздағы әр зат керемет бір тәртіппен құрылған. Күн мен түннің ауысуы немесе жыл мезгілдерінің алмастырылуы белгілі бір реттілікке, қағидаға бағынады. Сол секілді асыл дінімізде да ең әуелі білім, одан кейін амал, біліміне амал еткеннен кейін ғана ықылас пайда бола алады.

 

Дінімізді терең үйрену қолайлы жағдай мен ыңғайлы уақытты талап етпейді. Себебі үсті құрма ағашы, асты құм болған мекенді пана еткен сахабаларының кейбірі  5000 хадис жеткізсе, кейбірі ислам дінінің үлкен ғұламаларына айналған. Алла бізге пайдалы ілім берсін. Пайдалы ілімге амал етуді нәсіп етсін. Амалымызды ықыласпен орындауымызды жазсын.

 

Әлихан Бөкейхан ауданы

«Төлеутай ата» мешітінің имамы

Мусин Сайлау Жұмағұлұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары