Қасиетті Рамазан айының 26 нан 27 не қараған түн мың айдан да қадірлі болған қасиетті қадір түні .
Балқаш қалалық мешітінде 500 ге тарта жамағатқа ауызашар дастарханы жайылды. Ауызашарға келген жамағатқа наиб имам Валиев Ахмадулла Оразаның пайдасы, ауызашардың сауабы жайлы уағыз айтып, дастарханның соңында ата-баба рухына құран бағыштап, бата берді.
Жыл өткен сайын асыл дініміздің қадір-қасиетін сезініп, Исламның бес парызына ниет бұрған , ораза ұстаған жастардың саны күннен-күнге арта түсуде. Айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айын биыл жамағат ерекше ықыласпен қарсы алды. Мың айдан да қадірлі болған қадір түнінің қасиетін сезініп, Жаратушы Жаббар Иемізге мінажат етуге ,Алладан дұға тілей келген жамағаттың нөпірі айтарлықтай көп болды. Мешіттің іші лық толып, айналасына кілем төсеп, далада намаз оқуға тура келді.
Күндегі уақытта тарауых намазы басталды. Тарауых намазынан кейін Балқаш қалалық мешіті шәкірттерінің Рамазан айының құрметіне арнайы оқып шыққан хатым құран дұғасы жасалды.Балқаш қаласының Бас имамы Төлтаев Ербол Мұқанұлы жамағаттың алдына шығып, хатым құран дұғасын жасап , ораза айының қасиетті болған қадір түнімен халықты құттықтап, мың айдан да қадірлі болған қадір түнінің қасиеті жайлы уағыз айтты. Соңында Жаратушы Алладан барша жамағат үшін, ел үшін қасиетті қадір түнінде тағат-құлшылықтары мен дұға-тілектерінің қабыл болуын сұрап, Алладан амандық пен есендік, береке-бірлік, тыныштық тілеп, бата жасады.
Имамның батасынан кейін әркім жеке құлшылық- ғибадаттарын жасап, Алла ризашылығы үшін нәпіл намаздарын оқыды. Жиналған жамағатқа сәресі дастарханы жайылып, 1000 нан астам адамға кезек –кезегімен сәресі берілді.
Осындай сый құрмет пен қошеметке кенелген жамағат дән ризашылықтарын білдіріп тарқасып жатты.
Алла тағала баршамыздың дұға-тілектерімізді қабыл етіп, келер жылғы қадір түніне төрт көзіміз түгел амандықта қауышуымызды нәсіп етсін. Әмин!!!
ihsan.kz
Пікірлер