Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлы қаладағы «әл-Мәшани» мешітінің қызметкерлерімен жүздесіп, құлшылық үйін арнайы зиярат етті.
Қаладағы маңызы зор мешіттердің бірі болған «әл-Мәшаниде» бүгінгі күні жалпы саны 22 адам қызмет атқарады. Оның ішінде 6 наиб имам, 2 ер ұстаз, 2 әйел ұстаз және 2 молда бар.
Облыс бас имамы Естай Айтуғанұлы: «Сіздер қызмет етіп отырған «әл-Мәшани» мешітінің өкілдік бойынша салмағы басым. Асыл дініміз үшін қажырлы еңбек етіп келе жатырсыздар. Халықпен әлі де тығыз байланыс орнатып, уағыз-насихат пен діни ағарту жұмыстарын жандандыру өте маңызды. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіретіміздің өңірлік имамдарға берген негізгі тапсырмаларының бірі де осы діни ағарту саласы», - деп атап өтті.
Сондай-ақ, құлшылық үйінің бас имамы Жанболат Қошкелдi мешітте соңғы кездері орын алған игі жұмыстар мен оң өзгерістерді баяндай отырып, ғибадат үйін жан-жақты таныстырды.
Пікірлер