Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы Ақтоғай ауданына арнайы іс-сапармен барып, аймақтағы құлшылық үйінің жай-күйімен танысты.
Бүгінде аудандық мешіт жанында заман талаптарына сай тұрғызылған жаңа асхана жұмыс істеп келеді. Жаназа және жерлеу рәсімдерін атқарып келе жатқан «Қамқор-Шарапат» орталығы да бар.
Жергілікті имам Сүйіндік Асхат облыс бас имамына мешітті жан-жақты аралатып, ішкі және сыртқы жұмыстарын көрсетті. Дін қызметкерлеріне арнайы жиын өтіп, ҚМДБ тарапынан қабылданған он құжаттың бағыт-бағдары негізінде жұмыс барысы қадағаланды.
Одан әрі облыс имамы жергілікті әкімдікке атбасын бұрып, аймақ басшысы Әбеуова Салтанат Мірсәліқызымен кездесті. Қызметтік отырыста өңірдегі діни мәселелер талқыланып, өзара ұсыныс-пікірлер айтылды.
Ұлттық құндылықтар мен рухани тәрбиені насихаттау, дамыту бағытында бірқатар шараларға мұрындық болып келе жатқан аудан әкіміне облыс бас имамы Естай Айтуғанұлы алғысын білдіре келе «Ихсан - рухани тәрбие негізі» кітабын сыйға тартты.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер