Қарағанды облысына қарасты Үштөбе ауылдық "Қажыбай қажы" мешітінің ұйымдастыруымен өткен қыз балаларға арналған жазғы сауат ашу курсына қырыққа жуық мектеп жасындағы қыз балалар қатысты. Уматаева Гүлімжан және Гүлнұр Қаныбекқызы ұстаздардың жетекшілігімен жиырма күнге созылған сауат ашу курсында қыздарымыз Алланың көркем есімдерін, күнделікті өмірде қолданатын дұғаларды жаттап, араб әріптерін оқуды үйренді.
Балалар күнделікті өмірде айтылатын дуғаларды қалай іс жүзінде қолдану керектігі жайлы өзара көріністер ұйымдастырып жарысты. Нәтижесінде балалар дұғаларды түсініп, оңай жаттап алды.
"Асыл аналарымыздың" өмірімен танысып, қыз балаға тән сабырлық, адамгершілік жайында құндылықтарынан өнеге алды.
Сонымен қатар "Дәстүрім - діңгегім" сабағы аясында тігін машинасымен жұмыс істеуді үйреніп, құрақ құрап, ою - өрнектер ойды. Киімге де арнайы бояумен ою салып үйренді.
Аруларға арналған ұлттық баскиім үлгісін көрсету мақсатында қолөнер шебері Белғазы Индира ханым шәкірттерге қазақтың ұлттық баскиімдері жайлы айта келе, соның ішінде қазіргі уақытта сәнге айналған тақияның пішіп- тігу жолдарын көрсетті.
Балалар әрбір сабаққа ерекше ынтамен қатысып отырды.
Курс соңында ата - аналар мен балалар ақ дастарханда бас қосып, "Бүгінгі қыз - ертеңгі ана " тақырыбында уағыз насихат айтылды. Түрлі ойындар ойнап, сыйлықтар үлестірілді.
Жазғы діни сауат ашу курсына қатысқан шәкірттер дін мен дәстүрді ұштастыра рухани азық алды. Алла білімдерін арттырсын!
Пікірлер