Қарағанды облысы, Бұқар Жырау ауданына қарасты Үштөбе ауылдық «Қажыбай қажы» мешітінің медресесі жанынан спорт алаңы ашылды.
Спорт орталығының ашылу салтанатына ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлы арнайы қатысты.
Алғы сөзді алған облыс бас имамы дін қызметкерлерін және мешіт жамағатын спорт нысанының ашылуымен құттықтап:
«Бұл жоба бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының мешіттеріміздің жамағатының ауызбіршілігін арттыру, ынтымақтастығы мен бауырмалдығын нығайту, сондай-ақ, салауатты өмір салтын насихаттау бастамасы аясында ашылып отыр. «Мұсылман адам рухани тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да мықты болуы керек. Ол үшін құлшылықпен қатар, спортпен де шұғылдануы тиіс», деді бас имам.
Сондай ақ, мешіт жанынан осындай алаңның салынуына мұрындық болған мешіт имамы Жандос Әшімұлына және жастар болашағын ойлап демеушілік қылған жомарт жандарға алғысын білдірді.
Айта кетейік, орталықта спортпен шұғылданамын деуші жамағат пен медресе шәкірттеріне Бұқар Жырау ауданы әкімдігінің қолдауымен арнайы бапкерлер қызмет көрсетпек.
Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер